Бүгін Қарасай ауданы «GULNAR BAQ» демалыс және спорт базасында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Қонаевтың жүлдесіне арналған ұлттық ат спорты түрлерінен және жағажай волейболынан Алматы облысының ашық турнирі өтті.
Жарыстың ашылу салтанатында мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың құттықтау хатын оның кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы оқып, ел президентінің арнайы тілегін жеткізді. Президенттің құттықтау сөзінде: «Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев – Қазақстанды ұзақ жыл басқарып, елімізді өркендетуге өлшеусіз үлес қосты. Халқына адал қызмет етіп, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Халқымыз ұлы тұлғаның елге сіңірген еңбегін ешқашан ұмытпайды. Қапшағай қаласының Қонаев болып өзгертілуі – соның айқын дәлелі. Ардақты азаматтың өмір жолы өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге болары сөзсіз» — делінді.
Сонымен қатар, аталған шараға Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ерғалиұлы, мемлекет қайраткерлері және еліміздің өнер, ғылым, құрылыс, әскери саладағы белгілі азаматтары қатысып, ізгі тілектерін білдірді.
Бірнеше жыл қатарынан осы жарыстың ұйымдастырылуына мұрындық боп келе жатқан генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев сахнадан барлық қонақтарға алғысын жеткізді. Сонадй-ақ, Амангелді Смағұлұлына Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиевтің атынан ұлттық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін Алғыс хат табысталды.
Волейбол жарысына биыл 32 команда қатысса, бәйгеге еліміздің барлық аймағынан сәйгүліктер сайысқа түсті.
Жарыс нәтижесі төмендегідей.
Топ бәйге (15 шақырым)
І. Роза аты — иесі Мерхат Бұлғынов (Алматы облысы, Талғар ауданы)
ІІ. Бұлбұл аты — иесі Арыстан Күдебаев (Алматы облысы, Жамбыл ауданы)
ІІІ. Баян аты — иесі Әли Нұрмұхаметов (Жамбыл облысы, Қордай ауданы)
Аламан бәйге (25 шақырым)
І. Айсуат аты — иесі Бақытбек Мырзабаев (Алматы облысы, Жамбыл ауданы)
ІІ. Падиша аты — иесі Әлімтай Молдасеитов (Жамбыл облысы, Қордай ауданы)
ІІІ. Саудия аты — иесі Наил Фахриев (Жамбыл облысы, Қордай ауданы)
Жеңімпаздарға автокөлік кілті, ал жүлдегерлерге ақшалай сыйақы табыс етілді.
Спорттық шара аяқталған соң 2000 адамға ас берілді.
ПІКІР ЖАЗУ