Алматыда кілем қағуға шыққан қызды көршісі алып қашып кеткен болатын. Бойжеткен өзін күштеп әкеткен жігіттің әпкесі килород пен белгісіз шәй беріп, есімді жоғалта бастадым деп шағымданған еді. Оқиға куәгерлері қыздың сол күні келін болып түскен сәттерін ватсап желісінде жариялаған суреттерін көрсетіп, қыздың өз еркімен қалғанын айтты. Оқиға туралы жаңа деректер пайда болды. Бұл туралы «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Бойжеткен өзін күштеп алып қашқаннан кейін жігіттің жақындарының сөзінен соң көнгенін жеткізді. Айтуынша оған кетсең өзімізге қол жұмсаймыз деген екен. Тіпті бұл іске қатысы бар деп туған анасынан да күмәнданған болатын.
Бір қызығы қыздың анасы оның бұл әрекетіне ренжіп, қызының үйді алып алғысы келетінін жеткізді. Атап айтқанда бойжеткеннің отбасына бұрын қайырымдылық қорынан үй берілген және ол қыздың атына жазылған екен. Анасы қызын алып қашпас бұрын оның өзіне үйді сатамын деп хабарлама жолдағанын алға тартты.
“Дипломын алған соң өзі кетті. Неге өтірік айтады ол қыз. Мені қарабет қыламын дей ме? Мына үйге ауызын ашпай-ақ қойсын. Бұл үйді мен халықтың алдына жылап шығып алғанмын”, – деді қыздың анасы.
Алып қашқан жігіт Жомарт Серікбай бұрыннан танысып араласқандарын айтады. Тіпті үйіне келіп тамақ жасап жүргенін де еске алды.
“Артық қылығым жоқ. Кейін оның үйіндегілердің біреуі анама қол көтергеннен кейін, кетсе кете берсін дедім. Алып кетті сонымен”, – деді жігіт.
Ал жігіттің анасы көрші қыздың бұған дейін де келіп жүргенін растап, тіпті өз еркіммен келдім деп қолхат жазғанын алға тартты.
“Біреуінің қолында пышақ, біреуінің қолында тағы бір затпен бас салып кіріп, қызды алып кетеміз деді. Қыздың шашын жұлып, ұрып шапалақтап шу шығарды”, – деді жігіттің анасы.
Қызды алып қашқан жігіт Жомарт Серікбайдың әпкесі Гүлдана кейін сол күні қыздың желіге жүктеген суреттерін көрсетті. Мұнда бойжеткен келін болып түскен қуанышты сәттерін көрсеткен.
Гүлдана сонымен қатар белгісіз шай берді деген айыптың жалған екенін алға тартты. Айтуынша сол күні жөтеліп тұрған соң оған баласына алған “Амро” деген дәрі мен кислород берген екен. Жігіттің әпкесі мұны тіпті медициналық сараптама жасап дәлелдей алатынын жеткізді.
“Бұл қылмыс болып саналады. Қылмыстық кодекстің 321-бабы “Адам ұрлау” фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалады. Егер кінәсі дәлелденетін болса, 4 жылға бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қарастырылады. Ал қыздың денсаулығына қауіп төндірсе, 7-12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады”, – деді заңгер Тілеужан Кішкенебаев.
Елімізде соңғы бес жылда 200 қыз алып қашудың құрбаны болғандығы туралы дерек анықталған.
ПІКІР ЖАЗУ