Әңгімені әріден бастасақ. Ежелден белгілі пікір алуандығына байланысты ислам әлемінде көптеген мәзһабтар пайда болған.
Мәзһаб сөзінің өзі (араб тілінен аударғанда) «жол», «көзқарас» деген мағынаны береді. Әлемде әр мәзһабтың басымдығы әрқалай. Күллі мұсылмандар үшін төрт мәзһаб, екі сенім бар. Айталық, Ханафи, Мәлики, Ханбали және Шафиғи мәзһабтары. Ал ислам дініндегі тұжырымдарға байланысты Матуруди және Ашғари сенімдері бар. Біз білетін Балқан түбегі, Түркия, Орта Азия, Үндістан, Кавказ сондай-ақ тақырыбымызға арқау болып отырған Ауғанстан мен Пәкістан елдері имам Ағзам Әбу Ханифаның жолымен жүреді. Соның ішінде Тәліптер де Ханафи мәзһабын ұстанып, Матуруди сеніміндеміз деп біледі. Бірақ мұнда Тәліптер Ханафи мәзһабын ұстанады екен деп, олардың әрекетін дұрысқа шығаруға болмайды. Тарқатып көрелік.
Әдетте, Тәліптер шектеулердің барлығын шариғат заңдарымен байланыстырғысы келеді. Бірақ іс жүзінде олай емес. Бүгінгі таңда шариғат десе дүре соғу, аяқ-қолды кесу, дарға асу және бас шабу сынды жаза түрлері көз алдымызға елестейтін болған. Мұның барлығы шариғатты жамылған теріс ағымдардың кесірі деуге болады. Себебі дін – ізгілікке шақыратын, дұрысты – бұрыстан, хақты – жалғаннан айыратын негізгі күш. Шариғатта ауыр жаза түрлері бар болса да қазіргі қоғамдық құндылықтармен сай келе бермейді. Әйтпесе, Қазақстан да Ханафи мәзһабындағы ел. Біз бұл тұрғыда ғибадат мәселесінде ғана шариғат заңдарына жүгінеміз. Ал Тәліптердің діндегі қаталдығы олардың тәлім алған Пешевардағы (Пәкістан аумағы) Диобенттік бағыттағы Хаккани медресесінен бастау алады. Себебі Тәліптердің ұстанымында жергілікті Пуштундардың қатаң әдет-ғұрыптары анық байқалады. Сондықтан ислами құндылықтардың ескерілмеуінен қазіргідей ахуал туындап отыр. Ондағы тыйымдардың көптігі әсіресе әйелдерге ауыр зардабын тигізуде.
Мысалы, әйелдердің ниқаб (кейбір мұсылман әйелдерінің бетін бүркемелеп, тек көзі ғана көрініп тұратын жамылғы) киюге міндеттелуі, көшеде еркін (себепсіз) жүруіне тыйым салынуы тағысын тағы. Тіпті, әйелдердің білім алып, жұмыс жасауына салынған тыйым тым артық. Өйткені шариғатта білім алудың орны әрдайым ерекше. Былайғы қолданылатын заңдары да ақылға қонымсыздау: сақал өсіруге және оны алмауға міндеттеу, манекендердің көзін ойып тастау, намаз уақытын білмейтіндерді қамшымен ұру, қарсы шыққандарды тікелей өлім жазасына кесу және т.б.
Міне, бұл ретте сенім тұрғысында сергек болуымыз тиіс. Оның үстіне дін мен саясат екі бөлек нәрсе. Бір бағыт, бір сенімдеміз деу қате пікір. Ал Тәліптердің «саяси қозғалыс» екенін ұмытпағанымыз жөн!
Оралбай Мырзақұлов
ПІКІР ЖАЗУ