Жаңаөзенде сал ауруына шалдыққан балаға емдік шара жасамақ болған мамандар бүлдіршіннің аяғын сындырып алған.
Жарақаттанған 5 жастағы Жеңісбектің әкесі Ерлан Әбітбеков сол мамандардың жауапсыздығынан онсыз да жарымжан баламның аяғы 2 сантиметр қысқарып қалды дейді. Ал медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті орталықтың лицензиясы жоқ екенін және мамандарда сертификат болмағанын анықтап отыр.
Әкесі жыл басында сал ауруына шалдыққан ұлы Жеңісбекті массаж орталығына емдік денешынықтыру курсын қабылдау үшін апарған. Бір курс үшін орталықтағылар 125 мың теңге ақы алыпты. Алғашында емді әйел жасағанын, артынша оның күйеуі жалғастырғанын айтады. Алайда орталықтағылар сүйегі сау баланың аяғын сындырып тынған.
Екі аяғының ортасына ісулер пайда болды. Біз барып, «мынаны қатты жасап жатсыңдар» деген кезде, «егер нәтиже керек болса, балаңызды аяқтан тұрғызғыңыз келсе, ары қарай алып келе беріңіздер, жақсы болады» деді. Жарты сағаттан кейін Сымбат звондады, «Балаңыздың аяғын Еркін сындырып алды, тездетіп келіңіз» деді. Барғаннан кейін қарасам, аяғына бірдеңе орап қойған. Қалай болды десем, күш салып, сындырып алдым» деді, — дейді жәбірленуші.
Алайда бұл оқиғадан кейін жарты жыл уақыт өткен. Алғашында кінәсін мойындаған азамат енді жауапкершіліктен басын алып қашып отыр.
«Жаңаөзен қаласының полиция басқармасына арызданған болатынмын. «Бұл жерде ешқандай қылмыстық іс жоқ, ол әдейі сындырған жоқ» деп жауап берді. Менің баламның аяғы 2-3 сантиметрге қысқарып қалды. Өйткені операция жасаған кезде сүйекті мінгестіріп салып жіберген», — дейді Ерлан Әбітбеков.
Осы оқиғаға қатысты Маңғыстау облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Мұхамбетиярова түсініктеме берді.
Екі қызметкердің медициналық білімінің және маман сертификатының жоқтығы анықталды. Бұл шағым негізді деп танылды. Сонымен қатар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес, рұқсатсыз қызмет көрсету барысында 464-бап және маман сертификатының жоқтығына 424-бап бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды, — деді ол.
Бұған қоса, департамент басшысы комиссия қорытындысы полиция департаментіне жолданғанын хабарлады. Ал Ерлан Әбітбеков жарымжан баланың диагнозын біле тұра жарақаттаған адам заңсыз қызмет көрсеткені үшін лайықты жазасын алуға тиіс деп отыр.
ПІКІР ЖАЗУ