Оқу жылының басталуына екі айдан сәл аз уақыт қалды. Осы тұста ата-аналар балаларына мектеп формасын іздей бастады. Бірақ Талдықорғанның кейбір оқу орындарында белгілі бір өндірушінің ғана киімін «таңдау» туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ата-аналардың бірінің айтуынша, мектеп чаттары алдағы оқу жылына арналған мектеп формасының түрлері мен стилін белсенді түрде талқылай бастады. Кейбір оқу орындарында мұғалімдер балаларға киім алу керек дүкендердің мекенжайларын беріп қойған.
«Бізге Glasman фирмасынан мектеп формасын сатып алу керек екенін айтты. Маған бұл өндірушінің сапасы ұнамайды. Сондықтан басқа компанияны таңдағым келеді. Ата-аналардың көбі келісіп, осы дүкендерге бармақ. Ал мен үшін бұл лобби жасау, жеке киім дүкендерінің мүддесі», — деді Zakon.kz тілшісіне жергілікті Мақпал есімді тұрғын.
Талдықорған қаласының білім бөлімі әкімдіктен белгілі бір өндірушіден киім сатып алу туралы нұсқау жоқ екенін айтты. Керісінше, қала билігі мұндай мәжбүрлі сатып алуды тоқтатуды көздеп отыр.
«Біздің тарапымыздан мұндай нұсқау болған жоқ. Мектептер белгілі бір фирмалардан форма сатып алуға міндеттемесін. Белгілі бір мердігерден мектеп формасын сатып алуға мәжбүрлеген жағдайда дереу білім бөліміне хабарласуларыңызды сұраймыз», — деді Zakon.kz сайтына қалалық білім бөлімінен Жасұлан Қанағатов.
Бүгінде Талдықорған мектептерінде 33 мың бала білім алып жатыр. Биыл бірінші сыныпқа 2700 оқушы барып, алғаш рет партаға отырады.
ПІКІР ЖАЗУ