«Домбыра» атты флеш-моб өтті

Домбыра – қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы. Қазақ пен домбыра егіз ұғым.

Рухани байлығымызды жаңғыртып, өскелең ұрпақ санасына ұлттық құндылығымызды сіңіру мақсатында Ұлттық домбыра күні белгіленді.

Осы күннің аясында ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында игі дүниелер қайта жаңғырып, тың бастамалар бой көтереді.

Ақмола облысында домбыра мерекесі кеңінен аталып өтпек. 2 шілде күні, сағат 11:00-де Ұлттық домбыра күніне арналған Көкшетау қаласының «Абылай хан» алаңында өтетін «Домбыра» атты флеш-моб төңірегінде 1,5 мыңға жуық облысымыздың кәсіби домбырашылары, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының К.Күмісбеков атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі, домбырашылар ансамблі мен күй мектебінің шәкірттері бірлесіп, қазақ халық композиторларының күйлерін орындайтын болады.

Фестиваль қазақтың қара домбырасының қасиетін арттыру, елге ұлттық өнерді насихаттау және халыққа өз өнерлерін паш ету басты мақсатын ұстанады.

Өрелі өнер иелері мен өнер сүйер қауымды күміс күй мен жыр төгілер қасиетті аспаптарыңызды алып, ауқымды өнер кешіне белсенді қатысуға шақырамыз. Жас ерекшелігінде шектеу жоқ. Домбыраның күмбірі халқымыздың жүрегінде мәңгі жасасын!

Ozgeris.nfo