Қазақта үлкенді сыйлау, құрметтеу — бұл дәстүріміздің қағидаттарының маңыздысы. Ақсақал, қарт-қария көпті көрген, болашақ ұрпаққа, жасөсіпірім-жастарға әрқашанда маңызды және ұрпақаралық сабақтастықтың болғаны да дұрыс. Өткен ғасырлық тарихымызды жастар білгені, болашақтың ол қателерге тап ұрынбауға да өз ықпалын береді деген сөз. Осыған байланысты қазіргі замандасымыз, ақсақал, еңбек ардагері, зейнеттегі Хамза Оспанұлы атамызбен бірнеше сұрақпен Өзгеріс.инфо тілшілері барып, амандасып келді.
— Қайырлы күн, Хамза ата! Сіз зейнетте болсаңыз да, қоғамдық жұмыстарға араласып жүрсіз, елдің қоғамдық-саяси өміріне азды-көпті өз пікіріңізбен, ойыңызбен бөлісіп, өте белсендісіз. Қоғамдық шараларға қатысып, мақалалар жазып жүргеніңізді білеміз. Қазір қал жағдайыңыз қалай? Өзіңіз туралы қысқаша айтып таныстырсаңыз. Қай жақтың тумасысыз, балалық шағыңыз қалай өтті және қандай оқу бітірдіңіз?
— Мен, 1947 жылы ақпан айының 13-інде туыппын. Әкем Оспан – ұжымшардың (колхоз) балташысы, шешем – үй жұмыстарымен айналысатын. Туған жерім – Ақмола облысы, Астрахан ауданындағы Жарсуат ауылы. Бауырларымның ішіндегі ең кенжесі мен болдым. Кенже болғасын еркелеген шығармын. Бірақ, бала кезімді ойласам, есіме, әке, шешем мен бауырларыма көмектескенімнің бәрі көз алдымда тұрады. Әсіресе, әкемнің: «Балам, істегенін: маған жақсы, әрі – көмек; үйренгенің өзіңе жақсы, есейгенде пайдасын көресін» –дейтін. Әкемнің осы маған айтқаны – оның мені еңбекке бейімдеуі екен. Міне, күні бүгінге дейін соның қызығын көрудемін.
Мектепте үздік оқушылардың қатарында болдым. Ауылымызда сегіз классты жалғыз қазақ мектебі болды. Ауылдағы неміс, орыс балалары бізбен бірге оқитын. Бір қызығы – неміс пен орыс балалары қазақша сөйлегенде, біз түгіл үлкендерімізді таң қалдыратын.
Бір жылы, жазғы үш ай каникулда поляк жігіті екеуміз колхоздың карьерінде тас қаздық. Есімде жоқ қандай мереке екені. Аудан орталығынан бізді құттықтауға класс жетекшісі бастаған бір топ орыс оқушылары келді. Екеумізді мереке күнімен құттықтап қолымызға қызыл жалаулар ұстатты, өлең айтып қошемет етті. Кезек бізге де келді. Өзімнің бастығым, поляк жігіті, енді сен рахметіңді айт дегендей маған қарады. Басшымды түсінген мен бірдеңе дедім орысшылап. Не айтқанымды білмеймін, сөзімді аяқтатқызбай жиналғандардың бәрі шек-сілесі қатып, күле бастады. Кейін, сұрап білсем, аудан оқушылары менің орысшама күліпті. Мен намыстанғанымнан, орыс тілін үйренем деп өзіме сөз бердім. Сүйтіп, он бір класс бітіргенде, орыс тілінен алдыма жан салмайтын болдым.
Мектепті жақсы бағамен бітіріп, екі жыл бойы қара жұмыскер болдым. Қаладан ауылыма келген бір күнде, үй ішінде менің енді немен айналасуым туралы сөз басталды. Неге екенін білмеймін, мен банкирдің оқуына барамын дедім. Сонда маған ағам: «Бала кезіңде теңіз-мұхит кемелерінің капитаны боламын дегеніңді ұмыттың ба? Банкир болғанша, біздің совхоз маманы сияқты бас экономист бол» – деді. Мен болсам: «Жәй бас экономист емес, ең жақсы экономист боламын» – деппін ойланбастан.
— Сол уақыттағы ауыл шаруашылық саланы таңдағаныңыз түсінікті, таңдауыңызға кім түрткі болды?
— Алланың жазғаны ғой, 1966 жыл Алматының халық шаруашылық институтіне түстім. Екі жыл өткен соң үйлендім. Оқығанымды нақты өндірісте пайдалану мақсатында институттың сырттан оқу бөліміне ауыстым. 1972 жылы ауыл шаруашылығын жоспарлау факультетін бітіргенім туралы диплом алдым. Білімім мен қоса екі жыл экономист боп атқарған қызметімді ғылыми-зерттеу және ауыл шаруашылық институттарында одан әрі жетілдіре бастадым. Содан болар деп ойлаймын. Бір күні маған өзін Дорошев Иван Алексеевичпін деп амандасып: — Сіз, облысымыздың Жоспарлау Комиссиясының ауыл шаруашылық бөлімін басқарыңыз – деп өтінді. — Рахмет! Сіз айтып отырған жерге менен басқа адам жоқ па? — дедім. — Бұл, сізді маған жақсы маман деген өз басшыларыңыздың ұсынысы ғой – деді ол мүдірместен. Арада, күн өтпей, Жоспарлау Комиссиясының бөлім басшысы болдым. Бірер жылдар өткен соң Коммунистік партиясының мүшесі болдым. Қызметіме өте қатты жауапкершілікпен көңіл бөліп, маған сеніп тапсырған жұмыстардың бәрін ойдағыдай атқардым деп айта алам.
— Ауыл шаруашылығын дамытудың қазіргі жағдайы мен мәселелері туралы айтсаңыз. Бұрын жоғары білікті кадрларды қалай даярлайтын еді?
— Кеңес Үкіметі дәуірінде кадрлар мәселесіне көп көңіл бөлінгені көпке мәлім. Шынын айту керек, кейде кадрлерді сұрыптаудағы қателіктердің болғаны да рас. Ерең еңбек еткендерді қадірледі де мараппаттады. Біреулер Кеңес Одағының Еңбек Ері атағын иеленді. Одақ, республикалық және облыс дәрежесіндегі зейнеткерлерге де әрбір жыл сайын қомақты әлеуметтік сыйақы берілетін. Одақ көлемінде еңбек адамдары көптің ерекше де атақты сый-қошеметіне бөленді. Еңбек адамының әр деңгейдегі басшылармен салыстырғанда олардың еңбек ақысының шектелмеуі – бүгін бәріміз түсінбейтін бейне бір арман-қиял сияқты. Кеңес үкіметінің еңбек адамына арналған жақсылықтары да көп болатын. болатын. Сол көптеген жақсылықтардың бірі – еңбек пен сыйақылық жүйесі. Жұмыскерлердің жалақысын реттесе де, жыл қортындысына байланысты сыйақыларын шектемейтін, ал басшылар мен мамандардың сыйақысы алдын ала белгіленген мөлшерден аспайтын. Осы тұста, мына бір болған іске назар аударғым келеді. Бір күні механизатор Боранбаев, есімі есімде жоқ, кабинетімнің есігін қағып: — Кіруге бола ма, — деп, рұқсат сұрады. — Кіріңіз, отырыңыз, — деп қаз-қатар тұрған үш орындықтың өзіме жақындауын көрсеттім. — Ия, құлағым Сізде. — Мен кассадан жыл қортындысы бойынша он екі мың сом ақша алдым. Өте көп сияқты, қателескен жоқсыңдар ма? Артығы болса, кассаға қайтарайын, — деп ағынан жарылып тұр. — Бәрі дұрыс. Ешқандай қате жоқ. Арнайы комиссияның бір жұма тексеруінен өткен соң, директорымыз бұйрыққа қол қойып, мөр басып, бекітті – дедім. Жоғарыда көрсеткен механизатор өзінің сол он екі мың сом сыйақысына жеңіл «Жигули», автомашинасының, ел ішіндегі атауы – «копейка» дейтінінің – екеуін сатып алу мүмкіндігі болған. Кадрлар мәселесі сол кезде, бүгінде күн тәртібінде бірінші орында тұр.
Егеменді ел болдық. Алдағы күзде өз валютамыздың отыз жылдық мерей тойын өткізерміз. Отыз жыл аз уақыт емес және қол жеткенімізді түбегейлі қортындылауға молынан жеткілікті. Бүкіл Кеңес Одағын асыраған қалың ел-жұртымды азық-түліктің аздығы, тұтыныстағы тауарлардың күн сайын қымбаттауы мен теңгеміздің жүз есе құнсыздануы бәрімізді көп ойландырады. Нарық экономикасы бәрімізді қарық қылады дедік. Егін егіп, мал баққанның орнына мұнай сатып, мұнайдан тапқан долларға бәрін сатып аламыз дедік. Сондағы тапқанымыз не? Бұл менің жәй сыпайы айтқаным. Біздің экономикамыз нағыз нарықтың орнына қалың ну ормандағы (джунглидегі) жабайы да дөрекі алып-сатарлардың жетегінде кете барды. Кейбір жоғарғы лауазымды қызметкерлер, есімдерін бүкіл ел білетін бизнесмендар, көпке танымал нағыз сарапшылар мен қатар диваннан түспейтін, ас бөлмеден шықпайтын білімсымақ сөзуарлардың айтуына қарағанда, бізде бәрі бар. Ия, бұл – ақиқат. Келесі ақиқат – Үкімет басындағылардың ештеңеге де жауап бермейтіні. Осы жерде орынды сұрақтар туындайды. Жоғарғы лауазымды басшылар ештеңеге жауап бермесе, оларға не істеп жүрсіңдер демейміз бе? Неге олардың айлықтары өздерінің атқарып отырған қызметтерінің нәтижесімен реттелмейді? Көрдіңіз бе, сұрақтардың саны көбеймесе, азайтын түрі жоқ.
— Сіздің ойыңызша қазіргі кезде қандай мәселені қолға алу керек?
— Енді не істеу керек дейсіз бе? Бұл сұраққа тек бір ғана жауап бар және оны Қ-Ж. Тоқаевтың өзі беріп отыр ғой. Президенттің «Egemen Qazaqstan» газетіне 2020 жылғы мамыр айының басында берген сұхбатындағы айтқаны. «Халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту үшін Қазақстанды мықты мемлекетке айналдыруымыз керек. Бұл ретте «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын берік ұстануымыз қажет», — деді. Арада жыл жарым өте бере, Президент айтқан сөзде тұрудың үлгісін көрсетті. Президенттің күштілігі сол, кінәлі адамды өлім жазасына бұйыратын қолданыстағы заңдардардағы баптардың бәрінің күшін жойды. Президентіміздің тағы да бір күштілігін, оның таяу күндері, Үкіметке әлемдегі ең озық тәжірибелерді пайдалана отырып, Премьер-Министрден, Ұлттық банк басшысы мен барлық министрлерден өздерінің орны мен жеке басты жауапкершілігі анықталған ел экономикасын ең жоғарғы деңгейге көтеруге арналған жоспарын Парламенттің бекітіуінен, содан соң осы жоспардың орындалуы туралы Үкіметтің халық алдында есеп-қисабын беруінен және сол есеп-кисапқа халықтың өзі берген бағасын көрерміз деген үміттеміз.
— Сіздің өмірлік ұстанымыңыз қандай?
— Менің ұстанымым – ізгі-ниет мақсатында жетілдіру мен дамудың шегі болмайтыны. Сондықтан көп оқу, білу және үйрену керек. Сол оқығанын, білгенін және үйренгенінмен бөліспесен, одан не пайда деймін.
— Сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет. Сау болыңыз!
Сұхбат алған Сүйімбаева Даяна
Хамза ағамыз көтеріп отырған мәселе бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. Халық тоқ болса, қайғысы жоқ болса ғана оның философиялық ойыда терең болады. Осының дәлелі ол- ғылым-білім тек осы жоғарыда айтылған дамыған елдерде ғана сұранысқа ие екендігін көріп,біліп отырмыз
Ассалаумағалейкүм! Бәрекелді, өте маңызды сұрақтарға толыққанды жауап бердіңіз! Сіздей білімді, ғалым адамдардың пікірі жастар үшін үлгі! Деніңіз сау, басыңыз аман, бақытты ұзақ ғұмыр сүруіңізге шын жүректен тілектеспін! Нағашыңыз: Айтмағамбет — Айткелді.