Қаңтар дүрбелеңі басталғанда өткен жолымызды, бұлыңғыр болашағымызды ақылға салайық деген ниетпен «Постсоветтік кезеңнің соңы» деп пост жаздым, гуманитарлар, соның ішінде тарихшыларға ұсыныс жасадық. Өкінішке орай дүрбелеңнің арты бүлікке ұласты.
Болашаққа тек тарихқа қарап, этностың төл мінезін саралап қана тон пішуге болады. Мен осы он күннің ішінде шет елдік эксперттердің «Қаңтар дүрбелеңі» туралы пікірлерін сүзгіден өткіздім, көпшілігі тисе терекке, тимесе бұтаққа деп ұра береді. Бір жағынан жауаптылық жоқ, екіншіден біздің тарихымыздан, қазақтың мінезінен хабары жоқ. Дүрбелеңнің себебі қазақтың жүзге бөлінуі деп бірдемені мыжып отырады, Қазақ хандығының әкімшілік-территориялық бірліктерінің қазіргі дүрбелеңге не қатысы бар? Қазақ туралы дұрыс түсінік болсыншы деп «Церемониальная культура казахов» деген атаумен қазақ мемлекеті, рыцарлық ережелері, адам құны туралы посттар жаздым. Соңында мен қазақтың әскери қауқары да, ғылымы да нашар жағдайда деген қорытындыға келдім. Біз ОДКБ әскерінің кіргенін ұнатпаймыз, ал өзімізде болып жатқан оқиғалар туралы олардың пікіріне сүйененміз?! Себебі біз ПӘ- нен қашан бұйрық болады деп тосып отыратын сарай ғалымдарына айналып кеткенбіз. Өтірік жыраулар, батырлар, молдекең аударған шығармалардың тұсаукесерлері, шет елдіктер жазған еңбектерді дәріптеу. Бұлай бола берсе халық әлі талай сергелдеңге түседі, гуманитария болса ел түгілі, биліктің өзіне керегі жоқ мамандыққа айналады. Өзімізге ағайын Әзірбайжанды қараңызшы, әскері сайдың тасындай, 44 күндік соғыста әрменнің қарулы күштерін қаусатып түсірді, Ризван Гусейнов және ол басқарған «Кавказ тарихы орталығы» ауыр ақпараттық соғыста жеңіп шықты. Біздің ғылымның кәсіби деңгейінің төмен түскені сондай ФБ-да шет ел емес, өзіміздің әуесқойлар ғылыми атағы бар тарихшыларды бақыртып ұрып жатады.
Мен «Қаңтар дүрбелеңі» деп отырмын, біреулер «Қаңтар қырғыны», «Қаңтар қасіреті», не «Қаңтар революциясы» деп жатыр. Дәл осы тұста маған маман тарихшы, әлеуметтанушы, саясаттанушылардың кеңесі керек-ақ. Қырғын болғаны рас, Алматыдағы атыс-шабыс кезінде кездейсоқ өлген бейкүнә адамдардың тағдыры көңілді босатады. Әсіресе, машинаның ішінде, екі кішкентайы екі жағында, жеті айлық баласын емізіп отырған келіншектің өлімі кімді де болса есеңгіретсе керек. Қасірет десе де болар еді, себебі бұл қырғын жүрекке түскен жара сияқты бірнеше ұрпақ бойы жазылмайды. Революция да келмейді, қарапайым наразылықтан шыққан бейбіт шеру бүлікке ұласты және бұл жерде әлеуметтік жік, тап жоқ, бар мәселе бүкіл экономиканы басып отырған бір әулетте болып отыр. Сол себептен дүрбелең деген дұрыс па деп отырмын, осы сөздің мазмұнында шеру де, үрей де, дүрлікпе де, бүлік те бар.
Кез келген жаман-жақсы оқиғадан бір нәтиже шығады, Қаңтар дүрбелеңінен қазақ халқы қандай нәтиже алды:
-Біріншіден, 30 жылға созылған, елді өтірікпен, жемқорлықпен, ұрлық-зорлықпен есін шығарған Назарбаев әулетін тақтан тайдырды, бірақ біржолата құтылды деп айту қиын.«Постназарбаев кезеңі» басталды. Әрине, бұдан кейін де авторитаризм қайта тірілуі мүмкін, жағымпаздар әлі де жетерлік, дегенмен басты нәтиже — кім де болмасын «Қаңтар дүрбелеңін» ұмытпайды және оны қазақ ұмытқызбайды;
-Екіншіден, «Қаңтар дүрбелеңі» арқылы қазақ халқы жаңа сапаға өтті. Жалпы кез келген этнос отаршылдық езгі жағдайында ұлтшылдық идея арқасында өмір сүреді, бұл идея болмаса этностың құрдымға кеткені. Құдайға шүкір, Ресей қаншама жерден басып-жаншығанмен қазақ ұлтшылдығы ХХ ғасыр бойы үзілген жоқ, үлкен ағынды дария болмаса да, жыламшылап аққан бұлақтар болды. Постсоветтік кезеңде билік қанша кедергі жасағанымен сол бұлақтардың арнасы үлкейді, бір-біріне қосылды. Кешегі 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде, мұнайшылардың бейбіт наразылығын қырып-жойып басқанда бейтарап қалған қазақ тура он жылдан кейін, 2022 жылдың басында, сол Жаңаөзенді қолдаймыз деп бір атаның баласындай түгел көтерілді. Бұл отарлық езгіге әбден бой үйреткен халықтың еңсесін бірінші рет көтеруі, отыз жылдың ішінде ұлт болып қайта жаңғырғанының көрінісі.
-Үшіншіден, бұдан әрі не істейміз, қазақтың жағдайы, мына қырғынның салдары қалай болмақ деген сұрақтар бар. Қырғын бүліктен туды, оған себеп әлеуметтік мешеулік пен халықтың бір бөлігінің маргиналдануы. Осы жағдайды отбасы өз пайдасына қолдануға бар амалын салды. Ешкім ешқашан билік пен меншікті оңай бермейді, ал бұлардың қолында тұтас Қазақстан болды. Сонымен бірге бірнеше күн бойы бейбіт шеруін жасап, әкімшіліктерін жауапқа тартып, тышқан мұрны қанамай аман шыққан аймақтар бар. Бұл дегеніңіз саяси күрестің үлкен тәжірибесі, елді ерте алатын көсемдер, «ердің құнын екі ауыз сөзбен» шешетін шешендер институты жаңғырды деген сөз. Болашақта дәл осы модель өзге қазаққа нысана болатыны, осы көсемдер мен шешендер билікті алатыны сөзсіз. Қазақ ұлт ретінде жаңа бір баспалдаққа көтерілді, онымен бірге Қазақстан да жақсы жағына қарай өзгереді.
-Төртіншіден, отаршылдық жағдайда, постсоветтік кезеңде қазақ рухының арқауы болған ұлтшылдықпен не істейміз деген мәселе бар. Бұл құбылыс ұлт қалыптасқанға, мемлекет тәуелсіздігін алғанға дейін позитив қызмет атқарады. Енді озбыр отбасылық билікті жеңдік, ұлт құралды, мемлекет өзіңдікі, ұлтшылдық мемлекетшілдікке ауысуы керек. Егер осы трансформация дұрыс жүрмесе онда сіздің ұлтшылдығыңыз фашизмге айналады, яғни өз ұлтыңызды өзгеден жоғары қойып адам баласының жауы атанасыз. Түп негізден келе жатқан, отыз жылда әзер деп бой көтерген ұлт жігерін енді мемлекетті өркендетуге жұмсауымыз керек. Ақ Орданы жағалап жүрген жағымпаздарды, Пайдабек атам-ау, Тугрик ханым-ау деп жүрген трайболистерді қара сиырға теріс мінгізу керек. Біздің ауылдарымыз бен қалаларымызда ру басылар, ру батырлары емес, сонау Сақ, Ғұн, Түркі дәуірінен бастап мемлекет үшін күрескен, құлаған жерінен көтерген ұлы хандардың, әлемде алғаш жылқыны қолға үйреткен, металл құпияларын ашқан, пайғамбарларға сабақ үйреткен ғалымдардың ескерткіштері тұруы керек. Мысалы, Эллада бас иген сақ ғұламасы Анахарсис, немесе «Жер мемлекеттің негізі емес пе?!» деп өзінің желден жүйрік тұлпарын, сүйікті әйелін құрбандыққа шалып жіберген Мөде патша, «Күндіз күлмедім, Түнде ұйықтамадым, Қызыл қанымды ағыздым, Жалаңаш халықты тонды, Кедей халықты бай қылдым» дейтін Күлтегін, немесе ХVІІІ ғасырдың 60-80 жылдары бүкіл Іле басы Құлжаға дейінгі Жетісу, Ертістің басы Қара дөң -Алтай, Тарбағатайға иелік жасаған, Қытаймен шекараны бекіткен, Семейді көтерген Әбілпейіз сұлтан қандай да болсын ескерткішке лайық емес пе ?!
-Бесіншіден, мемлекетті қайта құру оңай емес, халқыңыз тағы да азапқа түспесін десеңіз өзіңізден бастаңыз. Алдымен, еңбек істеңіз, қолыңыздан мал бағу келе ме, малды бырқыратып тұрып өсіріңіз, жайлау-қыстау үшін төбелесіңіз, қолыңыздан егін- бау-бақша келе ме, оны өсіріңіз, сонда қазақтың өз ішінде жерге бола таласып жатқанын көріп жат жанынан түңіледі. Техникаға бейімсіз бе, ұстаз, немесе дәрігерсіз бе, мамандығыңызды шегіне жеткізіңіз, бүкіл әлем сізге, сіз арқылы қазаққа таңдай қағатын болсын. Жалпы қазақ орта шаруа, меншік иесі, орта бизнес өкілі болуды басты мақсат қылып қоюы керек. Бұл мемлекеттің ұранына айналып, үкімет сол үшін күресетін болса, ол ең алдымен өзінің абыройын, аман-саулығын ойлағаны болмақ. Мемлекеттің ең қауіпті жауы бейбіт талап қойған еңбекші халық емес, кім көрінгеннің сөзіне еріп кететін люмпендер мен маргиналдар екенін мына дүрбелең көрсетті. Басқа амал жоқ.
Профессор Ж.Артықбаев
ПІКІР ЖАЗУ