МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ САЛАСЫ: БАӘ-МЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТТЫ

2023 жылдың 6-9 наурызы аралығында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ректоры Ерлан Әбіл Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Ануар Гаргаш Дипломатиялық академиясына (AGDA) және Мухаммед Бин Рашид Мемлекеттік басқару мектебіне (MBRSG) жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо баспасөз хабарламасына сілтеме жасап.

Алғашқы кездесу Ануар Гаргаш Дипломатиялық академиясының Бас директоры Николай Младеновпен өткізілді. Кездесу барысында ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, атап айтқанда, дипломатия және мемлекеттік басқару саласында бірлескен зерттеулер жүргізу, оқытушылық құраммен алмасу және білім алушыларға арналған тағылымдама ұйымдастыру, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру саласында тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.

Анвар Гаргаш Дипломатиялық академиясы Парсы шығанағындағы Араб елдері жөнінде зерттеу жүргізетін қазақстандық зерттеушілерді Біріккен Араб Әмірліктеріне, ал Орта Азия елдеріне қызығушылығы бар өз академиясының профессорларын Қазақстанға жіберуді ұсынды.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысының  БАӘ-ге ресми сапары барысында екі оқу орны арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған еді.

Академия ректорының іссапары барысындағы екінші кездесуі  Мухаммед Бин Рашид мектебінің Президенті Али Аль Марримен өтті.

«Мухаммед Бин Рашид мектебі басшысымен «Public Administration», «Public Policy» магистрлік бағдарламалары бойынша қос дипломдық ортақ бағдарлама ашу, білім алушылар мен профессорлық құрам арасында академиялық алмасу бағдарламаларын ұйымдастыру, ортақ зерттеулер жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бағытындағы тағылымдамаларды ұйымдастыру мәселелерін талқыладық. Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Мадияр Меңлібеков мырзаға іссапар барысында көрсеткен қолдауы үшін алғысымызды білдіремін», – деді Ерлан Әбіл.

Кездесулер соңында Анвар Гаргаш Дипломатиялық академиясы және Мухаммед Бин Рашид мектебі басшылығы Академияның ұйымдастыруымен 2023 жылдың 27-28 сәуірінде өтетін жыл сайынғы халықаралық ғылыми конференцияға шақырылды.