Бүгін Ақтөбеде «Бақытты отбасы» отбасын қолдау, ақпараттық-кеңес және білім беру орталығының ашылу салтанаты өтті.
Іс-шараға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Нәзипа Шанай, кәсіпкер-меценаттар, халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы кәсібін ашқысы келетін, оның ішінде «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ынталы әйелдер, әлеуметтік саясатты іске асыруға атсалысып жүрген жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты.
Орталық өмірлік қиын жағдайға тап болған немесе оның туындау қаупі бар отбасыларды анықтап, олардың психологиялық, педагогикалық және құқықтық көмек алуына мүмкіндік беретін орынға айналмақ.
Мұнда болашақта өз бетінше ақша табуға ниетті барлық ақтөбеліктер курстарды тегін оқи алады. Курстарды тәмамдаған соң, қатысушыларға жұмысқа орналасуға және өз кәсібін ашуға көмек беріледі.
«Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Туған шаңырақтан алған тәрбие – бұл барша халқымыздың бақуатты да табысты болашағының кепілі. Отбасын қолдау орталығының ашылуы – бұл өңірдегі отбасылық-демографиялық саясатты іске асырудағы ауқымды жұмыстың бастамасы ғана. Біздің міндетіміз – өмірлік қиын жағдайға тап болғандарға көмектесу, олардың өздеріне деген сенімін арттыру, дұрыс бағытқа бағыттау, тек сөзбен ғана емес, іспен де қолдау. Бірақ бірден айтайын, көмек тек бақытты болашағына қадам жасауға дайын адамдарға беріледі. Біз масылдыққа қарсымыз. Мұндай орталықтар жақын арада Қандыағаш, Хромтау қалаларында, 2025 жылға қарай отбасын қолдау орталықтарын облыстың барлық аудандарында ашу жоспарда бар» , — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Орталықта ұйымдастырылған алғашқы шеберлік сағаты қатысушылардың қызығушылығын тудырды.
Шараға арнайылап Тараз қаласынан келген, ақыл-ойдың күші мен шексіз мүмкіндіктердің табысты үлгісіне айналған Анар Бексұлтанованың шеберлік сағаты ақтөбеліктерге үлкен жігер берді.
Анар Бексұлтанова – дүниеге екі қолсыз келгеніне қарамастан, тігін цехын ашып, қыз жасауын тігу арқылы табыс тауып, өзгелерге кәсіп ашудың қыр-сырын үйретіп жүрген ерекше қабілеті бар адам. Ұлттық стильдегі бірегей бұйымдарды қолөнерші екі аяғының көмегімен тігеді.
«Мен бұл істі бастағанда, танымал боламын деп мүлдем ойлаған жоқпын. Жақында біз қолөнермен айналысатын әйелдердің басын қосып, «Шебер шаңырақ» қоғамдық бірлестігін аштық. Бірлестікте көпбалалы, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған және мүмкіндігі шектеулі аналар бар. Мен оларға мемлекеттік қолдау шараларын қолдана отырып, кез-келген сүйікті ісіңді пайдалы іске айналдыруға болатындығын көрсеткім келеді. Бизнес құру кезінде бастан өткерген барлық тәжірибеммен бөлісіп, әсіресе, қолдауды қажет ететін әйелдерге көмектесіп, қай бағытта дамитынын айтып, үйреткім келеді. «Бақытты отбасы» сияқты орталықтар өте қажет. Олардың дамуына өз үлесімді қосқаныма қуаныштымын. Осындай қажетті және маңызды бастаманы жүзеге асырғаны үшін Ералы Лұқпанұлына алғыс айтамын», — деді іс-шара барысында Анар Бексұлтанова.
Екі күннің ішінде шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. Көпбалалы ана, табысты коуч мотиватор Алтын Каникар әлеуметтік желілерде бизнес жүргізуді үйрету құпияларымен бөліседі, «Егістен сөреге дейін» және «Балкондағы сиыр» жобаларының авторы Гүлмайрам Баймақова ауылдағы жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуға үйретеді.
«Жалқау болудың және балаларыңызды масылдыққа тәрбиелеудің қажеті жоқ. Маған сеніңіздер, көптеген жобалар үлкен капиталды қажет етпейді. Бірден үлкен кәсіп бастаймын деп шығындалмаңыздар. Алдымен шығыны аз шағын іспен айналысу қажет. Кез-келген кәсіпті бастаған сәтте сәтсіздіктер, қателіктер болады. Менің жобаларым мұны дәлелдеді. Қазір «Балкондағы сиыр» бес қалада жүзеге асырылуда. Бұл соңы емес», — деп атап өтті Гүлмайра Баймақова.
Іс-шара соңында Ералы Тоғжанов «Бақытты отбасы» орталығы аз қамтылған отбасыларды қолдау жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыратынын, материалдық жағдайды жақсартуға көмектесетінін және тұтастай алғанда отбасы институтын нығайтуға, оның мәртебесін арттыруға ықпал ететінін алға тартты.
ПІКІР ЖАЗУ