Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Қоянды ауылында Елорда әкімдігі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен Отбасылық денсаулық орталығының салтанатты ашылуы өтті.
Жаңа емдеу мекемесі ауылдың тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Орталық дәрігерлері ауысым бойынша 250 науқасқа қызмет көрсете алады. Қазірдің өзінде мұнда 8 мыңнан астам тұрғын тіркеліп үлгерген.
Астананың іргесіндегі тұрған 40 мыңға жуық тұрғыны бар ауылдық округ үшін бұл ерекше қуанышты жағдай. Өйткені осыған дейін ауылда бір ғана фельдшерлік-акушерлік пункт болған. Жаңа орталықта түрлі мамандар мен білікті дәрігерлер жұмыс істейтін болады. Бір айта кетерлігі денсаулық орталығында заманауи қондырғылар да орнатылған.
«Ең бастысы тұрғындарымыз автобуспен Астанадағы емханаларға барып кезек күтіп шаршап жүрмейтін болды. Енді өзіміздің емделу орталығымыз бар. Бұл ауылымыздың ілгерлеуіне жол ашып отыр. Ең алдымен осы мекеменің салынуына және түгелдей жабдықтармен қамтылуына себепші болған Салтанат Мұқанбетпанқызына өз атымнан және ауыл халқы атынан зор алғысымды білдіремін», -дейді Қоянды ауылының әкімі Бахытхан Солтанбай.
Тағы бір айта кетерлігі емдеу мекемесінде қызмет атқаратын барлық мамандар мен қызметкерлер түгелдерлік ауыл тұрғындарынан тартылып отыр. Бұл өз кезегінде мемлекеттің жұмыспен қамту бағдарламасының сәтті бір тұсы екендігін баса айтқан жөн.
«Ауыл тұрғындары үшін алыстағы медициналық орталықтарға қатынау үлкен қиындық туғызып келгені шындық. Оның қатарында өзім де бармын. Жасы үлкен кісі болғандықтан үнемі дәрігерлердің бақылауында болған дұрысқой. Енді міне осы емханаға тіркеліп алдым. Ал ауылымызда жастар көп. Тәуба. Олардың балаларының тең жартысы қалаға Астанаға барып қаралатын. Енді міне өз ауылымызда Астанадағыдан еш кем емемес емханамызбар. Қуаныштымын әнине. Осы іске бастамашыл болған азаматтар, Салтанат ызымызға разымыз», — дейді ашылу салтанатына шашу шаша келген апамыз Гауһар Шерияздан.
Емхана Астана қаласындағы эндохирургиялық емхана меңгерушісі, елорда мәслихатының депутаты, облыс әкімдігі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Салтанат Дженалаеваның тікелей бастамасының арқасында қолға алынып, сәтті жүзеге асқанын атап өткен жөн.
Қояндыдағы отбасылық денсаулық орталығы толығымен оның жеке қаражатына салынды. Салтанат Мұқанбетпанқызы Мемлекет басшысының Қазақстан ауылдарының миллионнан астам тұрғынын алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қол жеткізу туралы шешімін түбегейлі қолдап, жүзеге асырушы болып отыр.
Бердібек Хабай
ПІКІР ЖАЗУ