«Айта айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дейді мұндайда дана қазақ. Елордалықтар қала әкімдігімен алысып әлек. Шенеуніктер болса, тұрғындармен табысуға талпынбайтын сыңайлы. Әңгіме мынада: «ArtSport» бағдарламасының тоқтатылуы, Нұр-Сұлтан қаласында әлеуметтік нысандардың тапшылығы, «бармақ басты, көз қыстылықпен» заңсыз салынып жатқан ғимараттар, кіші Талдыкөлдің аянышты күйі – бәр-бәрі тұрғындардың шамына тиді. «Заңсыздықтарды тоқтатыңдар деп ашпаған есігіміз, баспаған баспалдағымыз қалмады» дейді «Menin Elim Dala» қоғамдық бірлестігінің өкілдері. Әйткенмен, «баяғы жартас, сол жартас». Ақыры, бейбіт митингке алып келді. Жиынға дейін, одан кейін нендей өзгерістер орын алды? Тұрғындар жанайқайына бүлк етпеген қала билігінің бұл жолғы қарекеті қандай болды. Айтайық…
«Саңырау билікті сілкінту мақсатында бейбіт митинг ұйымдастыру бойынша хабарлама жібердік қала әкімдігіне. Алғашында, қарсылық білдірді. Кейіннен соттың шешімімен ғана көнуге мәжбүр болды Көлгінов мырза. «Жалғыздың үні шықпас» дейді ғой. Бірлестік ішінара келісе отырып, әлеуметтік салада халықтың мұңын мұңдап, шенеуніктермен шекісіп жүрген Қазақстан Халық партиясына мәселенің мән-жайын айтып, митингті өткізуге қолдау көрсетуін сұрадық. Партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаевқа мың алғыс! «Бұл бір бірлестіктің ғана емес, Елорда тұрғындарының ортақ мәселесі» деп қолдау білдірді. – дейді 20 тамызда өткен митинг ұйымдастырушысы, «Menin Elim Dala» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Виолетта Мауль.
Жәә, сонымен митингке әзірлік жұмыстары басталды. Қала билігі әдеттегі әдетімен белсенділерді барлап, тоқтатуға талпынған қаншама әрекеттер болғанын да жасырмайды ұйымдастырушылар. Әйткенмен, «Кемедегінің жаны бір». Бұл әрекеттерінен де түк шықпады.
Тұрғындармен бетпе-бет келуге тартынған әкімдік әдеттегідей келесі айласына көшті. Ресми әлеуметтік желі парақшаларында «үйтеміз-бүйтеміз» деп жазбалар салды. Айталық, митингке екі сағат қалғанда «Нұр-Сұлтан қаласында ARTSPORT бағдарламасына қосымша 3 млрд теңге бөлінді» деген ресми ақпарат шықты қала әкімдігінің ресми сайтында.
Одан қалса, 19 тамыз күні яғни, митингке бір күн қалғанда «Заңсыз салынып жатқан ғимараттар орнына әкімдіктің Қаулысымен әлеуметтік нысандар бой көтереді», «Нұр-Сұлтанда мектептер салуға 70 жер телімі қарастырылды» деп «сүйінші сұрады».
Сәйкесінше, 18 тамызда әкімдіктің ресми әлеуметтік желісіне «28 тамызда кіші Талдыкөл маңына 600 ағаш отырғызылып, «Экопарк» салу мақсатына бюджет есебінен 1 млрд теңге бөлінеді» деп мәлімдеді қала әкімінің баспасөз қызметі.
Не керек, мұндай «ертегілерді» әлдеқашан естігенбіз деген ұйымдастырушылар 20 тамызда Елорданың цирк алаңында «Астана – балалар үшін жайлы қала» тақырыбымен бейбіт жиын өткізді. 500-ге жуық тұрғындар плакаттарымен сап түзеді. Бәрінің мақсаты бір, талабы айқын. Мұны петицияда былай белгіледі:
«Біріншіден, «Менің елім Дала» қоғамдық бірлестігі, «SOS Taldykol» бастамашыл тобы, «Менің Елім дала» республикалық қоғамдық бірлестігі өкілдері, ARTSPORT.KZ белсенді азаматтық қоғам Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жеке қабылдауын сұрауға мәжбүрміз. Өйткені, шенеуніктер мен соттар абсурдтық шешімдерді қоғамның пайдасына қабылдамай отыр.
Екіншіден, 2019 жылдан бері Қазақстан Республикасының заңдарын бұзған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің БІРІНШІ мемлекеттік лауазымды тұлғаларын жауапкершілікке тартуды талап етеміз. Себебі, соңғы үш жылда біздің қала су басқан көшелерге айналды!
Үшіншіден, қоғамдық тыңдаулар өткізілмеген және заң бұзушылық фактілері бар барлық салынып жатқан объектілерге 2024 жылдың соңына дейін уақытша МОРАТОРИЙ енгізуді талап етеміз!
Төртінші, Алтай Көлгіновтің кіші Талдыкөлдің жерлерін су қорынан елді мекен жерлеріне ауыстыру туралы шешімінің күші жойылсын және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне Кіші Талдыкөлдің барлық учаскелерінде су қорғау аймақтарын белгілеуді міндеттесін!
Бесінші, кіші Талдыкөл көлдерінде және оған іргелес аумақтарда кез келген құрылыс-монтаждау және дайындық жұмыстарын жүзеге асыруға мораторий жариялансын!
Алтыншы, кіші Талдыкөл жоспарланып отырған табиғи парктің шекарасына қосылсын; Кіші Талдыкөл экологиялық залалына бағалау жүргізілсін. Бұзылған экожүйелерді толық қалпына келтіруді талап етеміз!
Жетінші, біз қазіргі уақытта ваучерлерге кезекте тұрған барлық балалар үшін «АртСпорт» реформасын қаржыландыруды арттыруды талап етеміз. Біздің балаларымызға жаңа ваучерлер қажет!
Сегізінші, біз АртСпорт реформасын реттейтін қолданыстағы құқықтық актіні 4-17 жас аралығындағы балаларымыз жаңа, сапалы реформамен қамтылғанға дейін өзгеріссіз қалдыруды талап етеміз!
Тоғызыншы, біз Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінен орындаушылар алдындағы барлық қарызды биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін өтеуді талап етеміз!».
Дәл осындай мәтінде жиын барысында зілі ауыр петиция жариялады ұйымдастырушылар. Тақырып аясында бірнеше тұрғын алаңда ойын ашық айтты. Әсіресе, мәжіліс депутаты Ирина Смирнова, «Menin Elim Dala» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Орал Қоянбаев, құрылыс саласының ардагері Фарид Ақбердиев, танымал экономист Рахым Ошақбаев, «SOS Taldykol» бастамашыл тобының мүшелері Руслан Оразалиев, Мадина Құрманғалиева, Арман Жахин, ARTSPORT.KZ республикалық қоғамдық бірлестігінің президиум мүшесі Тоты Смағұлова, абзал аналар Зиуар Жұманова, Айгүл Бейсенбаева пікір білдірді.
Бейбіт жиынға арнайы қатысқан Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев: – Ата-Заңда «Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің қайнар көзі» деп анық жазылған. Яғни, билік Сіздердің қолдарыңызда. Осы тұрғыда Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев астанадағы заңсыз құрылыстарды тоқтату туралы қатаң ескертті. Нәтижесі қалай, әкімдік рұқсатын береді, құрылыс жұмыстары одан әрі күшейіп барады. Жергілікті билік бұл қадамын қалай түсіндіреді?» деді.
3 сағатқа созылған жиын қорытындысында сол мезетте 500-ге жуық қала тұрғындары петицияға қол қойды. Бүгінгі мәлімет бойынша петицияны қолдағандар саны 3000-нан асқан.
«Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз! Петиция талабы негізінде Президенттің қабылдауына кіреміз деген байлам бар. Өздері ұйымдастырып жатқан былықты билік көрмесе, естімесе, осылай ел болып дабыл қағудан басқа амал жоқ. Сонымен қатар, жоғарыда ресми жариялаған жоспарларын жүзеге асыруын қатаң қадағалайтын боламыз» дейді ұйымдастырушылар.
Қайнар Жұмағожа,
Қазақстан Халық партиясы төрағасының кеңесшісі, журналист
ПІКІР ЖАЗУ