Залал мен зардап: Балық аулаудағы бассыздықтың әсері

ашық ақпарат көздерінен

Бала-шағаның қамы деп балық және басқада су ресурстарына залал келтіріп жүргендер жетерлік. Заңды белден басып, браконьерлікпен айналысқандармен күрес қарқын алуда. Бүгінгі күні Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының және басқа да табиғатты қорғау органдарының жедел топ қызметкерлерімен бірлесе заң бұзушылыққа жол бермеу мақсатында бірлескен рейдтік іс шаралар жүргізіп, су айдындары мен учаскелерін жіті бақылауда.

Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Алмат  Суюбаевтың айтуынша, су айдындары жағалауында орналасқан елді-мекендерде жұмыс орнының тапшы болуына байланысты, жергілікті тұрғындар көбінесе отбасын асыру үшін, заңсыз балық аулаумен айналысады. Ал бұл өз кезегінде әкімшілік  жауапкершілікке тартылуға әкеп соғатынын, күнкөріс қамын күйттеген азаматтар қаперіне алмаса керек-ті.

«Алматы және Жетісу облыстары бойынша браконьерлердің санына қатысты нақты мәлімет жоқ. Алайда, жыл басынан Инспекция қызметкерлерімен заңсыз балық аулаудың жолын кесу және алдын алу мақсатында 500-ге жуық рейдтік іс-шаралар өткізілген, нәтижесінде табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 255 фактісі анықталып, көрсетілген фактілер бойынша 240 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, балық аулау ережелерін өрескел бұзғандары үшін құқық қорғау органдарына қылмыстық іс қозғау үшін 24 жеке тұлғаға қатысты 15 қылмыстық іс жолданды», — дейді Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Алмат Суюбаев.

Жалпы жыл  басынан құқық бұзушылардан мемлекет пайдасына 6261 кг заңсыз ауланған балық тәркіленген. Браконьерлер, табан, сазан, көксерке, ақмарқа, ақ амур, дөңмаңдай, қаракөз, беріш, алабұға, мөңке және жайын балықтарын ауланған.

Өздерін судың патшасы, иә болмаса, балықтың иесі санайтындар су айдындарында заңсыз балық аулағаны үшін 10 айлық есптік көрсеткіштен 50 айлық көрсеткішке дейін айыппұл арқалайды. Бұл жаза Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 383 және 389-баптарында көрсетілген.  Сонымен қатар құқық бұзушылардың аулау құралдары тәркiленеді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 335-бабының 3-бөлігіне  сәйкес, заңсыз балық аулау және уылдырық шашу мерзімінде құқық бұзушы балық аулағаны үшін, мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейінгі мерзiмге айыра отырып, 6000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, я болмаса,  сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалау шаралары қолданылады. Осыдан-ақ, бір қап балық аулаудың жазасы да жеңіл болмайтынын аңғаруға болады.

Қазіргі таңда Алматы және Жетісу облыстарында халықаралық, республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарында сазан, табан, жайын, көксерке, ақ амур, дөңмандай, беріш, қаракөз, алабұға, мөңке, жыланбас, шаян сынды  12 кәсіпшілік балық түрлері мекендейді. Сонымен қатар, амур ақбалығы (амурский чебачек), арал мүңгірі (амурский бычок), азиаттық-европалықмөңкесі, востробрюшка, қытай лжепескарь, медака, Қытай элеотрисі, арал пілмайы (аральский шип), арал қаязы (аральский усач), сұр голец, осман, Іле шармайы (илийская маринка), балқаш алабұғасы, пелядь, балқаш гольяні, кәдімгі елец, қара табан, семиреченский гольян, китайский горчак, бір түсті губач, китайский вьюн, миссисипиялық гамбузия, қытай мүңгірі (китайский бычок), Северцоваголеці сияқты 24 кәсіпшілік емес балық түрлері бар.  Оның ішінде қызыл кітапқа енген арал пілмайы (аралский шип), арал қаязы (аралский усач),балқаш гольяні, жетісу гольяні, Іле шармайы (илийская маринка), бір түсті губач, балқаш алабұғасы қос облыстың су айдындарында мекен етеді.

Айта кетейік, ағымдағы жылы «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің ұсынымдарына сәйкес, Балқаш-Алакөл бассейнінің су айдындарында 2022 жылы балық ресурстары мен басқа да су жануарларының уылдырық шашу және көбеюі кезеңінде төменде көрсетілген орындар мен мерзімдерде балық аулауға болмайды:

1) Балқаш көлінде 25 сәуірден 10 маусымды қоса алғандағы аралықта;

2) Балқаш көліне құятын сағалардан ағыспен жоғарғы бағытта өзеннің жалпы ұзындығымен және оның негізгі сағалары , сондай-ақ Балқаш көлінің ішкі бағыттарында және екі жақтағы 5 км кеңістіктегі сағаларды, жылғаларды және жайылымдарды қоса алғанда Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аягөз өзендерінде 15 сәуірден 1 маусымды қоса алғандағы аралықта;

3) Қапшағай су қоймасында және оған келіп құятын барлық өзендерінде және су ағындарында 15 сәуірден 30 мамырды қоса алғандағы аралықта;

4) Алакөл, Сасықкөл, Қошқаркөл көлдерінде және олардың құяр сағалары мен шығанақтарында, Үржар, Бесқопа, Ырғайты, Теректі, Тентек, Қатынсу, Емел, Ұялы, Қаракөл, Жіңішкесу, Шынжылы өзендерінде 25 сәуірден 16 маусымды қоса алғандағы аралықта;

5) Қапшағай СЭС бөгетiнен 6-шы балық қабылдау пунктіне (Аралтөбе ауылы) дейінгі Іле өзенінде кәсіпшілік емес балық аулау құралдарын қолдана отырып 5 сәуірден 5 маусымды қоса алғандағы аралықта;

6) Іле өзенінің барлық атырауында кәсіпшілік емес балық аулау құралдарын қолдана отырып 15 сәуірден 1 маусымды қоса алғандағы аралықта;

7) Шарын өзенінің сағасынан Қытай Халық Республикасының (бұдан әрі – ҚХР) мемлекеттік шекарасына дейінгі Іле өзенінде кәсіпшілік емес балық аулау құралдарын қолдана отырып, 25 наурыздан 5 шілдені қоса алғандағы аралықта балық аулауға тыйым салу енгізіледі.

«Балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің резервтік қорында әуесқойлық (спорттық) балық аулау бір балықшыға бір шыққанда бес килограммға дейін ақысыз қандай да бір рұқсатсыз жүзеге асырылады. Балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің резервтік қорында әуесқойлық (спорттық) балық аулау бір балықшыға бір шыққанда бес килограммнан астам ақылы түрде жергілікті атқарушы органдарымен берілген рұқсат бойынша жүзеге асырылады»,-дейді инспекция басшысы Алмат  Суюбаев.

Бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде әуесқойлық (спорттық) балық аулау жеке адамдарға жануарлар дүниесін пайдаланушымен берілген жолдамасына сәйкес олардың ауызша және жазбаша өтініштері бойынша жүзеге асырылса, әуесқойлық (спорттық) балық аулау бір балық аулаушыға бес данадан аспайтын ілмектері бар қармақтардың барлық жүйелерімен және атауларымен (жылтырауық, қармақ, жыртқыш балықтарды аулауға арналған қармақтар, спиннингтер), су асты аңшылығына арналған қарумен, сондай-ақ бір балық аулаушыға үш данадан аспайтын шаяндар мен басқа да су жануарларын аулауға арналған арнайы аспаптармен, қақпандармен және секреттермен жүргізіледі.

Арнайы құрылатын аспаптар мен су асты аңшылығына арналған қару халық демалатын аймақтан тысқары арнайы бөлінген жерлерде, сонымен қатар жануарлар дүниесін пайдаланушымен белгіленген арнайы орындарда, бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде рекреациялық балық аулау үшін пайдаланылады.

Балық аулаушы әуесқойлық (спорттық) балық аулауды жүзеге асыру кезінде өзімен бірге бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және  учаскелеріне берілген жолдама, балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің резервтік қорында бес килограммнан астам балық және басқа да су жануарларын аулау кезінде рұқсат қағазы болуы тиіс.

Алмат  Суюбаевтың сөзіне сүйенсек, балық ресурстарына және басқада су жануарларына залал келтіруші браконьерлер заманауи көліктермен және ең жақсы қарулармен жабдықталған. Осыған орай, Инспекция теңгеріміндегі көліктердің ескіруіне байланысты, браконьерлікке қарсы жұмысты нығайтуға үшін автокөлік, су көлігі, түнде көру және радио-байланыс құралдарының қажеттілігі туындап отыр.

Маман, жүйелі жұмыс жүргізіліп, техникалық қажеттіліктердің орны толса, су респурстарына келер залалдың алдын алуға мүмкіндік артатындығын алға тартып отыр.  Біреу балықты бас пайдасы үшін ауласа, енді бірі әуесқойлықпен суға қармақ салады. Дей тұрғанмен, заңсыз балық аулаудың зардабы көп екенін екінің бірі ескерсе, енді бірі ескере бермейді.  Су жағалауын жағалап күнелтетіндер мен заңды белден басатындар тәртіпке бағынбаудың салдарын ескерсе, балықтарда азаймас еді.