Маңғыстау жастарының 59%-ы өңірдегі жастардың арасындағы ең өзекті мәселе жұмыссыздық деп есептейді Алғаш рет «Бекен» жас көшбасшылар достастығының Маңғыстау жастарының қажеттілігін анықтау мақсатында әлеуметтік зерттеуін үйлестірген едім.
Әлеуметтік зерттеуге облыс бойынша 398 жас қатысты, оның 55%-ы әйел (219 адам), 45,5%-ы (181 адам) ер адам.
Анонимді түрде жүргізілген сауалнамада жастардың дамуына, дүниетанымына, олардың құндылықтарына, мәселелері мен өңірдегі жастар саясатының даму динамикасына қатысты сұрақтар қойылды.
Сауалнама нәтижесіне сүйенсек, өңір жастары басты құндылықты – отбасы мен достық, ең өзекті мәселені – жұмыссыздық, ең зиян әдеті – 6 сағаттан аз ұйықтау және өңірдегі ең тиімді әлеуметтік лифт – сапалы білім деп есептейді.
Сауалнамаға қатысқан жастардың 83,4%-ы отбасы мен достықты ең маңызды құндылық деп санайды, 60,1%-ы отбасында үйлесімділікті табу және балаларды тәрбиелеуді өмірінің басты мақсаты деп көрсеткен. Жастар дәл қазіргі уақытта бос уақытын ұйымдастыруда және жеке өмірінде қиындықтар бар екенін көрсеткен.
Жастардың 59%-ы өңірдегі жастардың арасындағы ең өзекті мәселе жұмыссыздық деп есептейді. 52,8%-ы мемлекет жастарға толық қолдау көрсете алмай отыр деп есептесе, 39,4%-ы кейбір қиындыққа қарамастан, жастардың өзін-өзі дамытуына мүмкіндік бар деп жауап берген.
Жалақының төмендігі, жалпы өмір сүру деңгейі аймақ жастарының өзге қалаға көшуіне себеп болуы мүмкін. Жастардың 41,5%-ы кәсіпкерлердің кеңесін тыңдауға дайын, 45,5%-ы қоғамға жас көшбасшылар қажет деп есептейді.
34,9%-ы қоғамдық жұмыстар жастардың өзін-өзі көрсетуіне әсер етеді десе, өңірдегі белсенді жастардың 10,3%-ы ғана шетелдік іс-шараларға қатысқан.
Сауалнамаға қатысқан жастардың 40,5%-ы жастар ресурстық орталығының қызметімен таныс емес және 38,7%-ы жастар орталықтары рухани іс-шараларға басымдық беруі қажет деп есептейді.
Жастардың 38,4%-ы ерікті түрде жастар ұйымдарының шарасына қатысқан, 64,9%-ы жастар ұйымдары білім беру бағытындағы жобаларды жүзеге асыруға басымдық беру керек деп көрсеткен.
Жалпы, маңғыстаулық жастардың 64,6%-ы болашағына зор сеніммен қарайды.
Мұқаш Оралбай
ПІКІР ЖАЗУ