4 мамыр күні «Алатау» дәстүрлі өнер театрында кесек талантты, есімі ел аузында құрметпен аталатын танымал айтыскер ақын Ринат Заитовтың «Мен сендерді жақсы көремін, адамдар» атты музыкалық кеші аншлагпен өтті. Ринат Заитовтың жақын туыстары, ұстаздары, өнер жұлдыздары да қатысты.
Көрермен ойының жиегін жыртып, алапат сезімге бөлеген өлеңдері, әндері (ақынның сөздеріне жазылған) көңіл пернесін дөп басқандай. Әке, ана, махаббат, бала тәрбиесі, туған жер, өмір, Қаңтар оқиғасы т.б. сан түрлі тақырыптар қамтылды. Жол біреу болғанымен, бұрылысы көп өмірде өз бағытын тапқан ақынның кеші психологиялық иірімге құрылып, көрермендерді эстетикалық-эмоционалдық көңіл-күйде қалдырып, сай-сүйектерін сырқыратты десек артық болмас. Сөз байлығын жинаған халқымыздың ұлы «Менің бар жинағаным өлең ғана. Келсін де ала берсін, ала алса егер», – деп отты сөздерін де айтып өтті. Қазақтың «Ер жігіттің тағымен талассаң да, бағымен таласа алмайсың» дегені де еріксіз ойға оралады екен. «Мен саған жаман әке болсам дағы, сен маған жаман бала бола көрме», «Мен сенің шаранаңда жатқанымда, мен сенің жүрегіңнен ұстағанмын» деген сияқты әке, ана, ұрпаққа арнаған ойлы сөздері талайдың есінде қалары анық. Музыкалық кеш таптаурындықтан ада ерекше формаға құрылған. Сахнаның әрленуі, дыбыс, жарықтың қойылуы да сәтті.
Кеште Ринат Заитовтың сөздеріне жазылған «Өмір жолы» (әні: А.Дүйсенов), «Әке» (әні: Н. Шөкенов), «Менің қызым» (әні: Е.Айтымбетов), «Мен оны ойласам» (әні: С. Ермахан), «Ғажайып түн» (әні: А. Сабетов), «Ханшайымым-ау» (әні: Ғ. Шүренбайұлы), Терме (мақамы халықтікі), «Өмір-өзен» (әні: Ұ. Жолдасов), «Ана» (әні: Е. Айтымбетов), «Туған жер» (әні: А. Дүйсенов), «Елге тілек» (әні: Н. Әбдіразақов) атты әндер орындалды. Шараның өтуіне Жұлдызбек Жұманбай (қоюшы режиссер), Ермек Меденов (саксафон, вокал, бэк-вокал), Азат Дулатұлы (домбыра , вокал, бэк-вокал), Әсет Есжан (вокал), Құралай Утепова (вокал, бэк-вокал), Руслан Бағашар (ұрмалы аспап), Құштар Қуантайұлы (гитара, бэк-вокал), Айсәуле Қайырғазина (вокал, бэк-вокал), Нұрболат Қыдырбаев (қыл қобыз), Айдана Жакен (флейта), Тұрсынай Әлібекқызы (жетіген), Дәурен Садықов (bass гитара), Ажар Қадылбекова (прима-қобыз), Нариман Абдрахманов (вокал, бэк-вокал), Ерсейіт Әлиев (жыршы), Едіге Байгелдин (дыбыс режиссері), Руслан Құдайбергенов (жарықпен әрлеуші) және т. б. өз үлестерін қосты.
Шерхан Мұртаза «Ай мен жұлдыз болмаса, қараңғы түнде адамдар адасар еді. Өнер дүлдүлдері болмаса, мына күйбең тіршілікте адамдардың көңілін кір басар еді», – дейді. Қазақ өнерін өрге тартар өнер иелері көп болғай!
Қуаныш Жұмабекұлы
«Алатау» дәстүрлі өнер театры
Әдебиет бөлімінің меңгерушісі
ПІКІР ЖАЗУ