Қазақстанда жаңа қолжетімді ипотека пайда болуы мүмкін

Фото. ашық дереккөзден

Қазақстанда жаңа қолжетімді ипотека пайда болуы мүмкін. Оның операторы «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» болмақ. Әзірге механизмдері мен несиелендіру шарттары дайындалып жатыр, кейін жоба мақұлдауға жіберіледі. Дегенмен жобаны мемлекет қаржыландыратыны белгілі, деп хабарлайды «ozgeris.info» «КТК» арнасына сілтеме жасап.

«Қазір нарықтағы жағдай бойынша ипотека 18-19%-бен беріледі. Біз бағаның белгіленуіне сараптама жүргіздік. Қазір орта класс үшін қолайлы ставка 11-12%. «7-20-25″ бағдарламасы өз мақсатына жеткен соң ипотекалық несиелендіру нарығын қолдауды жалғастыру ақылға қонымды болады деп ойлаймын», — деді «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ төрағасының орынбасары Олжас Салықов.

Компания мамандарының сөзінше, бағдарламаға қазірдің өзінде сегіз банк қызығушылық танытқан. Олар жаңа механизмді меңгеріп, несиелендіруді бастауға әзір.

Сонымен қатар алдағы төрт жылда нарықты қолдау үшін үкімет 1 триллион теңгеден астам қаржы жұмсауды жоспарлап отыр. Қолжетімді ипотека операторы келешек борышкерлер туралы да ақпарат ұсынды. Бұл – отбасыға шаққанда шамамен табысы жарты миллион теңге болатын және ай сайын 200 мың теңге төлеуге мүмкіндігі бар азамат. Бастапқы жарна 20% болмақ.

Айта кету керек, пәтерді тек жаңа немесе құрылысы жүріп жатқан үйден алуға болады. Әзірге максималды сомасы белгісіз. 

 

«ozgeris.info».