Қазақстанда әлеуметтік қызмет көрсету қалай жүзеге асып жатыр? 2024 жылы еліміз өзіне жүктелген әлеуметтік саланы дамытуын жалғастырды. Мемлекет ең алдымен әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетеді. Атап айтқанда қарт адамдар, әсіресе жалғыз тұратын, күтім мен медициналық көмекті қажет ететіндер, мүгедектігі бар азаматтар — физикалық және психикалық ауытқулары бар адамдар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері, тұрақты мекенжайы жоқ және тұрмысы төмен отбасылар мен өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға ерекше көңіл бөлініп келеді.
Тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдардың саны жыл сайын көбейіп барады, оларға күтім мен оңалту қызметтері ауадай қажет. Бұл ретте Ozgeris.info тілшісі еліміз әлеуметтік осал топтарды қалай қорғайды және мемлекет өз жауапкершілігін орындап жатыр ма деген сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Ұлттық статистика бюросының 2024 жылдың соңындағы мәліметіне сәйкес, елде арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін 304 ұйым жұмыс істеген. Бұл соңғы үш жылдағы рекордтық көрсеткіш. 2022 жылы — 281, 2023 жылы — 291 болған. Былтырмен салыстырғанда 8%-ға өсуі бұл қызметтерге деген сұраныстың тұрақты түрде артып жатқанын көрсетеді.
Елімізде әлеуметтік қызметтер жүйесі үш негізгі санатқа бөлінеді:
- Стационарлық мекемелер — 180 ұйым. Мұнда зейнеткерлер мен мүгедектер тәулік бойы тұрады.
- Жартылай стационарлық мекемелер — 86 ұйым. Бұл күндізгі орталықтар мен оңалту пункттері, мұнда адамдар алты айға дейін бола алады.
- Уақытша тұру ұйымдары — 34 мекеме. Мұнда көбіне баспанасыз қалған адамдар бір жылға дейін қабылданады.
Сондай-ақ, бірнеше қызмет түрін біріктіретін 4 аралас форматтағы ұйым бар. Географиялық тұрғыда бұл қызметтер біркелкі бөлінген: қалаларда — 214 ұйым, ауылдарда — 90 мекеме. Яғни әлеуметтік қызметтер тек ірі қалаларда ғана емес, шалғай өңірлерде де қолжетімді болып келе жатыр дейді сарапшылар. 2024 жылы ауылдық жерлерде тағы жаңа жеті ұйым ашылған.
2024 жылдың соңына қарай әлеуметтік қызмет мекемелерінде 40 279 адам тұрған. Олардың ішінде:
- 13 678 адам — жасы бойынша зейнеткерлер (жалпы санның 34%-ы),
- 13 адам — Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері,
- 25 309 адам — мүгедектер (60,8%).
Оның ішінде тірек-қимыл аппараты бұзылғандар — 4 619 адам (17,7%) және психикалық ауытқулары барлар — 20 314 адам (78%).
«Статистикаға қарасақ, әлеуметтік салаға артылған жүктеменің ауыр екенін байқауға болады. Әсіресе психикалық ауытқулары бар адамдардың үлесі жоғары, бұл арнайы дайындықты және кәсіби көмекті қажет етеді», — дейді сарапшы Ален Серік.
Елімізде аталмыш ұйымдардың саны артып барады. Оның бірнеше нақты себебі бар дейді мамандар.
Біріншіден, халықтың қартаюы. Зейнеткерлер саны өскендіктен, оларға күтім қажеттілігі де артып отыр.
Екіншіден, әлеуметтік саясат өзгеруде. Яғни икемді және мақсатты көмек көрсетуге көшіп жатыр.
Үшіншіден, жергілікті атқарушы органдардың жұмысы жанданып, бұрын әлеуметтік қызметтер қолжетімсіз болған өңірлерде де жағдай жақсаруда.
«Тағы бір тенденция бар. Азаматтардың сана-сезімі және жауапкершілігі өсіп жатыр. Халық көмекке бірден жүгінетін болған», — деді сарапшы.
Алайда, өңірлер арасында теңсіздік әлі де бар. Мысалы, Алматы мен Астанада ұйымдар саны жетерлік. Ал Ұлытау немесе Атырау облыстарында бұл көрсеткіш төмен. Неге? Халық саны аз және инфрақұрылым әлсіз. Бұдан бөлек шағын өңірлерде жартылай стационарлық мекемелер жетіспейді.
Сарапшылар Қазақстанның басты міндетіне тоқталып өтті. Үкімет ұйымдардың санын арттыра бермей, олардың қызмет сапасына көңіл бөлу керек деп санайды. Ол үшін
- білікті кадрларды даярлау,
- инфрақұрылымды жаңғырту,
- есеп және бақылау процестерін цифрландыру қажет.
Сонымен қатар, қызмет сапасын тәуелсіз бағалау жүйесі керек, оған ҮЕҰ мен азаматтық қоғам өкілдері де қатысуы тиіс.
Қазақстан өз міндеттемелерін орындай алды ма?
Жалпы алғанда мемлекет нақты шаралар қабылдап жатыр. Алайда, шешімін таппаған мәселелер де бар. Сарапшылар атап өткендей, мекемелердің жетіспеушілігі өзекті мәселе. Білікті кадрлардың тапшылғы мен инфрақұрылымды жаңғарту да күн тәртібінде тұр. Есепке алу жүйесін цифрландыруды қолға алатын уақыт келді.
2023 жылы мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындауға қанағаттану деңгейі тек 62,2%-ды құраған. Негізгі мәселелердің қатарында — ХҚКО-ларда ерекше қажеттілігі бар адамдарға жағдайдың болмауы және электрондық цифрлық қолтаңбаны қолданудағы қиындықтар.
Жалпы өмір сүру сапасына келсек, 2023 жылы қазақстандықтардың 41,8%-ы өмір сүру жағдайына қанағаттанған. Ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш жоғарырақ (46,5%) болса, қалаларда — 39,6%. Қаржылық жағдайына көңілі толатындардың саны 2 пайызға артып, 34%-ды құрады.
Қорытындылай келе, Қазақстан жалпы алғанда өз міндеттемелерін орындап келеді, бірақ бұл салада қызмет сапасын арттыру, тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және мамандарды кәсіби даярлау бойынша жүйелі даму қажет.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру