Педагогтың кәсіби құзыреттілігін дамыту — бүгінгі күннің талабы

Еліміздің әлемдік  білім  кеңістігіне  енуге  талпынысы, білім беру   парадигмасының   өзгеріп,  жаңа ұлттық модельдің  қалыптасуы болашақтың жаңаша ойлайтын,  дүниеге  көзқарас  мәдениеті мен санасы дамыған ұрпағын оқытып, тәрбиелейтін  педагогикалық  кадрларды дайындаудың  сапасын  арттыруды  талап етіп  отыр.

Білім беру ісіндегі басты тұлға — педагог. Педагогтың мәртебесін арттыру, оның абыройын көтеру – көп қырлы үдеріс. Бұл білім беруді дамытудың жаңа бағдарламасынан орын алған. Бүгінгі заман талабына сай педагог рухани дамыған, педагогикалық технологияның қыр-сырын жетік меңгерген шығармашыл тұлға болуы тиіс.

Ұстаздың педагогикалық шеберлігі мен кәсібилігінің айырылмас құрам бөлігі ретінде оның кәсіби құзыреттілігі саналады. Құзыреттілік ұғымы адамның қайсыбір қызметті атқаруға дайындығының құймасын сипаттайды. Қазіргі кезде жалпы және кәсіби білім берудің теориясы мен практикасында жиі қолданылуда.

Педагогикалық қызметтің ерекшелігі тек бір мамандық бойынша құзыретті болуына жол бермейді, оқытушының кәсібилігі кәсіби құзыреттіліктің барлық түрінің бір тұтастығымен анықталады.

Кәсіби құзыреттіліктің құрылымын анықтаудың бірнеше жолы бар. Олардың бірі оқытушының кәсіби құзыреттілігінің құрылымын педагогикалық ептілік жүйесі арқылы ашумен байланысты болса, басқасы педагогтың түрлі кәсіби саладағы құзыреттілігіне бөліну құрылымы арқылы анықталады, олар:

  • өзіндік білім беру және оқытушылық;
  • тәрбие беру қызметі;
  • ғылыми-әдістемелік және мәдени-ағартушылық;
  • коррекциялық-дамытушы қызмет;
  • басқарушылық қызмет.

Педагогтың мәртебесін көтеретін басты күш — оның кәсіби құзыреттілігі. Ал, кәсіби құзыреттілік дегеніміз — маманның әлеуметтегі қабылданған стандарттар мен нормаларға сәйкес өзінің кәсіби-педагогикалық қызметін атқаруға дайындығы мен қабілетін анықтайтын кәсіби білімдер мен дағдылар жиынтығы немесе жекелік-кәсіби сипаттама. Кәсіби құзыреттілік – оқытушының педагогикалық әрекеті өте жоғары деңгейде атқара алуы, педагогикалық қарым-қатынасқа түсе алуы нәтижесінде оқушылардың білімділік және тәрбиелік деңгейінің жоғары болуын қамтамасыз етуі. Білімнің сапасын қамтамасыз ететін педагогтар болғандықтан, ең алдымен олар сапалы қызмет көрсетуі тиіс.

Кәсіби құзыреттілік – жеке тұлғаның кәсіби іс-әрекетті атқаруға теориялық және практикалық әзірлігі мен қабілеттілігінің бірлігі. Ал педагог маманның кәсіби құзыреттілігіне оқытушының оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыруда өз мамандығына байланысты барлық теория мен практиканы меңгеруі, жеке тұлғаны қалыптастыруда, яғни білім алушылармен жұмыс істеуге бағытталған қабілеттерінің бірлігі. Осыдан кәсіби құзыреттілік ұғымына педагогқа тән болуы тиіс барлық, қасиеттер мен қабілеттер кіретіндігін аңғару қиын емес. Яғни, оқытушының білім-білік, дағдылары, өз мамандығына қатысты білімдер жүйесі, жұмыс істеу шеберлігі, мәдениеті, психологиялық қасиеттері, қарым-қатынас стилі, педагогикалық такт, әдеп т.б. жатқызамыз.

Оқытушының кәсіби құзыреттілігін төмендегідей ашып айтуға болады:

  • Іргелі және кіріктірілген білімдердің жоғары деңгейінің болуы яғни педагогика, тәрбие теориясы мен әдістемесі, дидактика, барлық пәндерді жүргізу әдістемесі, сол пән арқылы білім алушыларға берілетін білімдерді терең игеру;
  • Түйінделген іскерлікті, дағдыны, қабілетті меңгеруі – дидактикалық, танымдық, коммуникативтік, зерттеушілік, шығармашылық, өз білімін дамытуға деген қабілет, теория мен практиканы байланыстыра алу қабілеті, диагностикалық іс-әрекет. Ғылыми-зерттеу іс-әрекетімен айналысу;
  • Кәсіптік – педагогикалық қасиетке жаңаша көзқараспен қарауы – бұрыннан қалыптасқан «мұғалімнің айтқаны әрқашан дұрыс» деген қағидадан аулақ болып, мұғалім тек ақпарат таратушы ғана болмай, білім алушының жеке тұлға болып қалыптасуының басты көмекшісі болуы керек, білім алушының, даму деңгейіне қарамастан, оның тұлғасын құрметтеу, авторитарлық биліктің орнын өзара бірлескен қызмет, көмек, білім алушының аз да болса жетістігіне қуана білушілік басым болуы керек. Білім алушылардың әрқайсысын тануға тырысу, өз мамандығын сүю;
  • Инновациялық технологияларды меңгеруі – мұғалім өзінің шығармашылық іс-әрекетінің арқасында тұтас педагогикалық процесті тиімді ұйымдастыру үшін қазіргі кездегі бар инновациялық технологияларды меңгеруі тиіс. Жаңа инновациялық технологияларды ғылыми ізденіспен тәжірибеге енгізуде өз үлесін қосуы қажет;
  • Педагогикалық міндеттерді шешудегі кәсіптік, шығармашылық іскерлігі;
  • Педагогикалық міндеттерді шешу барысында шеберлік танытып, өзінің білім, білік дағдыларын пайдалана отырып, білім алушыларға тиісті білімдер жүйесін меңгерту. Білім алушылардың білімдерін тексеруде оқытушының жүргізетін диагностикалық іс-әрекеті;
  • Шығармашылық шеберлігі – оқытушы білім алушыларды оқытып қана қоймай, оларды тәрбиелеумен айналысатыны белгілі, колледж өмірінде небір қиын жағдаяттар кездесіп жатады, сондай жағдаяттарда өзінің шығармашылықпен ойлай білетіндігін, шеберлігін танытуы тиіс. Сонымен қатар білім алушылармен, топпен жүргізілетін түрлі мәдени шараларды ұйымдастыруда дайын жоспарларды пайдаланбай, сол топқа, топ ішінің құрамына, сипатына тән жоспарлар жасап, білім алушылар үшін, ата-аналар үшін, оқытушының өзінің өз ісіне қанағаттануы үшін қызықты іс-шара өткізе білуі шарт.

Жоғарыда аталған құзыреттілік құрамынан әр оқытушы өз жұмысына талдау жасап, қызметіндегі артықшылықтары мен кемшіліктерін мойындай алады. Өзіне-өзі сын көзбен қарай отырып, кемшілік болса, түзеп, артықшылықтарымен өз әріптестерімен бөлісе алады, олай ету әр маман үшін өте тиімді.

Оқытушының құзыреттілігі оның сабақты нәтижелі жүргізуіне де тікелей байланысты. Сабақ нәтижелі болуы үшін оқытушылар төменгі ережелерді ескергендері дұрыс:

  • өте жинақы болу, білім алушылардың алдына қоятын мақсат нақты, айқын болуы және мақсатқа жетудің жолдарын ретімен, бірізділікпен жүргізе білу;
  • білім алушыларды төмендетіп, жөнді-жөнсіз ұрыспау, олардың білмегеніне ренжімеу, мейірімді болу. Егер топтың көпшілігі түсінбеген болса, онда өзіңіздің кемшілігіңізді іздеңіз;
  • білім алушылардың сөзін бөлмеу, соңына дейін сөйлеуге мүмкіндік беру, білім алушының жауабы дұрыс болмаса, ол қойылған сұрақтың нақты болмауынан;
  • тапсырма мен нұсқау анық, білім алушы оқытушының талабын анық түсінетін болуы шарт;
  • сабақ барысында білім алушылардың зейінін тұрақтандыру, егер ауытқулар болса, тақырыпты өзгерту немесе қосымша материалдарды пайдалану, білім алушылардың ынта-ықыласын, қызығушылықтарын қадағалап отыру;
  • сабақты дәл уақытында бастау, уақытты үнемдей білу, тәрбиелік ақыл-кеңесті ұзақ уақыт айтып тұрудың қажеттілігі аз;
  • білім алушыларға қойылған талап міндетті түрде жүзеге асуы керек;
  • сабақтың өткізілу темпі интенсивті, бірақ оқу материалдарын білім алушылар толық меңгеруіне жағдай жасалуы шарт;
  • білім алушылардың жауабын мақұлдап, ынталандырып, қоштап отыру қажет.

Оқытушы қызметінде өз кәсіби құзыреттілігін жетілдіре отырып жетістікке жетудің алғышарттары:

  • сырт кескін-келбеті;
  • пәндерді сабақтан тыс ақпараттармен қамтамасыз ету;
  • мінез-құлқы, пайымдау мүмкіндіктері, оқу процесінде қарым-қатынас мәдениетін сақтай білуі, әзіл-қалжыңға мән бере білуі;
  • білім алушылардың жеткен жетістіктерін мақұлдай, қолдай білуі, шыдамдылық және төзімділік;
  • басқалардың пікірін сыйлай білу, еркіндік, икемділік, кез-келген жағдаятты оңтайлы бағытта шешуге арналған әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалана алу;
  • білім алушылардың қызығушылығына қарай әрекет ете білу дағдысы.

Егер оқытушы жоғарыда аталған шарттар мен өзін-өзі жетілдіруге арналған мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланса, онда оқытушы өз жұмысының нағыз шебері болатыны сөзсіз. Қазіргі қоғамға сай жеке тұлғаны қалыптастыру үшін оқытушының кәсіби құзыреттілігі де жетілген болар еді.

Сөз соңында айтарым, қоғамда әрбір педагог — өз ісінің маманы  болуымен қатар, оның бойында баланы жақсы көру, баланың көзқарасын мен пікірін сыйлау, тек өз  пәнінің  төңірегінде ғана қалып  қоймай, қоғамда болып  жатқан  өзгерістерге құлағы түрулі, көзі ашық,  жан-жақты талдау  жасай  білетін  маман  болуы  шарт. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы: «Бала оқытуды жақсы  білейін деген  адам,  әуелі балаларға үйрететін  нәрселелерін өзі жақсы  білуі керек»,- деген. Демек, бұдан алар сөз түйініміз: «Шығармашыл ұстаз — шығармашыл  шәкірт дайындайды» деген ой  түйіндеуге болады.

 

А.ИГІЛІК,

Нұр-Сұлтан қаласындағы №61 орта

мектептің педагог-психологы.