Жалғыздық-бұл кей кезде өте парадоксальды болып көрінетін таңқаларлық эмоция. Адам баласы өзін тіпті тобырлар мен адамдарға толы үлкен компания ішінде де жалғыз сезінуі мүмкін. Немесе өзімен өзі оңашақалған сәттерден ләззәт алып, сағызша созылып жанды қынжылтатын жалғыздықты сезінбеуге де болады.
Мұндай үлкен уайымнан қашу қаншалықты дұрыс? Онымен қалай күресу керек? Шын мәнінде нақты уайымдауға тұрарлық кезең қашан? Жалғыздық эмоционалдық және физикалық тұрғыда денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіре ала ма? Жалғыздық неден туады?
Жалғыздық-бұл табиғи эмоция. Оны әрбір адам мезгіл-мезгіл бастан өткереді. Ол бір адам өзге адамдардан оқшау қалғанда және оның әлеуметтік өзара әрекеттесу қажеттіліктері қанағаттандырылмаған жағдайда пайда болады. Егер жалғыздық адамның тұрақты серігі бола бастаса және терең де жазылмас жарасына айналса, уаймдауға себеп бар деген сөз. Мұндай жағдайда денсаулыққа расымен үлкен қауіп төнеді (эмоционалды да, физикалық та). Ал егер жалғыздық сізде әдепті қонақ секілді пайда болатын болса (сирек), онда сіз осы мақаладан өзіңізбен өзіңіз қалған қиын кезеңдерді жеіңп шығуға көмектесетін алты кеңесті таба аласыз.
Жалғыздықта өзіңізді танып-білуге, шығармашылық ойлауға және өз-өзіңізді көрсетуге мүмкіндіктер табуға тырысыңыз.
Біздің бәрімізде әртүрлі қарым-қатынас қажеттіліктері бар, тіпті ең интроверт деп саналатын тұлғаға да қарым-қатынас қажет (тағы бір таңғажайып парадокс). Атақты гуманистік психолог Маслоу өзінің әйгілі қажеттіліктер пирамидасында әлеуметтік өзара әрекеттесуді тамақпен және тұрғын үймен бір сатыға қойған, яғни оны негізгі қажеттіліктер тізіміне жатқызды.Соған қарамастан, әр адам мезгіл-мезгіл өзімен жалғыз қалуы керек. Және баға жетпес уақытты пайдалы өткізіп, одан барынша мүмкіндіктер алуға тырысу керек. Жалғыз уақыт өткізу адамға өзін жақсырақ тануға, қарым-қатынастарды қайта қарауға және шығармашылық қабілетін ашуға көмектеседі. Басқалар мұңға батып, қайғырып уақыт өткізіп жүргенде, сіз бұл сәттерді дұрыс пайдалана біліңіз.
Кем дегенде желіде байланыста болуға және мәтіндік хабарларға қоңырау шалу арқылы жауап беруге тырысыңыз.
Жылдам мәтін біздің өмірімізге еніп, ыңғайлылығы мен қарапайымдылығының арқасында онда мықтап орнады. Бірақ бұл басқа адамның дауыс күшін бағаламауға болады деген сөз емес. Мәтін-бұл қарым-қатынастың көптеген маңызды атрибуттарынан айырылған қарым-қатынас, ол жалғыздықтың тұңғиығына түсуге мүмкіндік бермейді. Есіңізде болсын, жақын адамыңызбен телефон арқылы он минуттық сөйлесудің өзі жарты сағаттық хат алмасудан әлдеқайда жақсы. Ал қоңыраулардың одан да әмбебап баламасы — бейне қоңырау. Егер достарыңызбен немесе туыстарыңызбен жеке кездесу ұйымдастыруға мүмкіндік болмаса, шағын «конференция» ұйымдастырыңыз. Осылайша, сіз өзіңізді біршама жеңіл сезініп қалатыныңызға кепілдік беріледі.
Сыртта көбірек уақыт өткізіңіз (ауа-райының қолайлығына байланысты).
Жаяу серуендеу — барлық дерлік аумалы-төкпелі күйлерге арналған әмбебап кеңес. Неліктен? Себебі бәрі әдеттегінше және қарапайым.
* Біріншіден, бұл жағдайдың өзгеруі.
* Екіншіден, бұл табиғатпен немесе қаламен байланыс. Екеуі де қуат пен шабыт бере алады, сонымен қатар жалғыздықтың азабын басады.
* Үшіншіден, серуендеу ұйқының жақсаруына ықпал етеді, демек сізде демалуға және күшіңізді қайта қалыпқа келтіруге көп, ал мұңайуға аз уақытыңыз болады.
* Төртіншіден, үйден сыртқа шыққан кезде сіз өзіңіздің жалғыз емес екеніңізді көре аласыз. Ойланыңыз. Өйткені, адам өмірінің лайықты бөлігін өзімен бірге өткізеді: жұмысынан үйге қайтады, спортзалға немесе жүгіруге барадып, иттерін қыдыртады (айтпақшы, оларды да себепсіз асырамайды). Осы дүниелерге назар аударыңыз және жалғыздық сезіміне бой алдырмаңыз.
Жақындарыңызға өз сезімдеріңіз туралы ашық айтыңыз
Алғашқы «дабыл қоңырауында» өз сезімдеріңізді көмудің қажеті жоқ. Адам бойындағы эмоцияны басуға, жақсылап жасыруға немесе одан қашуға тырысқан сайын, ол тек қана күшейе түседі. Сезімдерді айту, талқылау ғана адам бойындағы уайым-қайғыны азайтады. Сіз өз эмоцияларыңыз туралы жақындарыңызға айтуыңызға болады. Мұндай жағдайда ол дұрыс эмоционалды қолдау көрсете алады. Ал сізге өзіңіздің ішкі жәй-күйіңізді өзгелерге айту, бөлісу қиын болса, оларды қағазға немесе электронды күнделікке түсіруге болады. Бұл сондай-ақ сезімдерді түсінуге өте жақсы көмектеседі.
Өзіңізге қызықты хобби табыңыз.
Оларсыз өмір іш пыстырарлық, бірқалыпты және қалыптасқан шекара ішінде ғана болады. Тіпті сіз жалғыз болмасаңыз да (бұл мүмкін емес), сізге белгілі бір дүниемен айналысу қажет. Хобби уақытты және өмірді дұрыс, жағымды эмоциялармен, сондай-ақ қуат пен шабытпен толтырады. Жалқаулыққа салынып, жағымсыз эмоцияларға берілудің қажеті жоқ. Сізге не нәрсе ұнайды немесе бұрын нені жақсы көрдіңіз? Бәлкім, ерекше тағам түрлерін әзірлеу, медитация жасау, йогомен айналысу немесе жаттығулар жасау, сән саласын зерттеу және стильді образдар жасауды үйрену… кез келген нәрсе! Ең бастысы айналаңызда бос орын тудырмау. Мен бір кездері Джожо Мойестің «Сізден кейін» кітабында оқығанымдай, «Вакуум — депрессияға арналған тамаша орта. Бірдеңе істеу немесе ең болмағанда жоспарлау әлдеқайда жақсы». Неге екені белгісіз, осы екі сөз тіркесі жүрегімнің түбінде таңбаланып қалды. Жалғыздық пен жабырқаудың қиын сәттерінде олар сізге де көмектеседі деп сенемін.
Саны бар сапасы жоқ қарым-қатынастардан аулақ болыңыз.
Кейде жалғыздық сезімдері кесірінен жыларман боласыз. Және осындай сәтте өзіңізге ләззат пен қуаныш сыйлай алмайтын қарым-қатынастарға келісу қаупі бар. Ал мұндай қарым-қатынас пайдасын тигізудің орнына, керісінше, энергияны құртып, сізді одан да үлкен ыңғайсыздық сезіміне әкеледі. Бұл сапасыз әлеуметтік өзара әрекеттестік. Бұл жалғыздықты жеңуге көмектеспейді. Сондықтан сіз ешкіммен қарым-қатынасты сезінбейтін үлкен адамдар тобында өзіңізді жалғыз сезінесі. Есесіне, мұндағы адамдардың өзіңізді түсінбейтінін әр тамырыңызбен біліп, сезінесіз. Өз уақытыңызды мұндай пайдасы жоқ дүниелерге кетірмеңіз. Оның орнына, жеке бастан өткерген эмоциялар мен тәжірибелермен бөлісіңіз, маңызды тақырыптар аясында сөйлесіңіз, сұрақтар қойыңыз және жақын адамдарыңыздың жауаптарын мұқият тыңдаңыз. Мұндай өзара әрекеттесу әсері ұзағырақ және нәтижесі оң болады. Осы кеңестерді пайдаланыңыз және өзіңізбен жалғыз қалғанда пайда болатын әсердің жағымды жақтарын ғана алып, пайдаңызға жаратыңыз.
Қалай болғанда да, сіз жалғыз емес екеніңізді біліңіз. Қашықтықтағы жұмыс көлемінің ұлғаюы, оның барлық артықшылықтары мен жағымды бонустарына қарамастан, жалғызбасты адамдар санының артуына әкелді. Бірақ кез келген жағдайда ең алдымен мүмкіндіктерді, сондай-ақ өзіңізді тану және бақытты болу жолдарын іздеген дұрыс.
Гүлдана ЕРМЕКҚЫЗЫ,
Ozgeris.info порталы
ПІКІР ЖАЗУ