25 желтоқсанда Ақтауда Әзербайжан ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ апатынан аман қалғандарға ең алғаш көмекке ұмтылғандар мән-жайды айтты, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі Massaget.kz -ке сілтеме жасап.
Өңір тұрғыны Марат Ізмұхан әріптестерімен бірге ұшақ құлдилап келе жатқан сәтті алғаш көріп, ең бірінші болып көмекке ұмтылған. Ол Маңғыстау өңірлік электроторап компаниясында электр слесарі болып жұмыс істейді.
Марат Ізмұханның айтуынша, оқиға болған кезде әріптестерімен Түпқараған ауданы Сайын ауылында екі бригада болып жұмыс істеп жатқан.
«Төбемізден ұшақ жақын ұшты. Ол кезде қатты мән бермедік. Шамамен сағат 11.00-лер болуы керек. Уақытқа да қарамаппыз. Қасымызда әуежай бар еді, қонайын деп бара жатқан ұшақ шығар деп ойлап, жұмысымызды істей бердік. Өзіміз де ұшақпен ұшып жүрген кезде теңіздің үстінен ұшып барып, әуежайға қонатын. Бір кезде KCOI деген мекеменің қасына құлады. Бір қараған кезде түтін көрініп жатты», — дейді ол.
Ұшақ құлағанын түсінген олар 2-3 минут ішінде оқиға орнына жеткен.
«Біз УАЗ-ымызбен бірінші бардық, одан кейін екінші бригада келді, содан соң ТЖМ, полиция қызметкерлері, жедел жәрдем келді», — дейді ол.
Марат Ізмұханның сөзінше, олар жеткенде ұшақ екіге бөлініп жатқан.
«Бұл бізден шамамен 1 шақырым жерде, жақын маңда болды. Ұшақтың бас жағы өртеніп жатты. Бергі жағында қатты жарақат алмаған адамдар шығып жатты», — деді Маңғыстау облысының тұрғыны.
Марат Ізмұханның айтуынша, ұшақтың екіге бөлінген бөлігінің арасында 200 метрдей жер болған.
«Ұшақ өртенген жаққа бара алмадық. Бергі жағындағы қысылып жатқан адамдарды борттарды ашып, шығаруға көмектестік. Полиция, ТЖМ келгенше шамамен 15 адамға көмектестік. Соңында бір-екі адам қиналып шықты. Ұшақтың орындықтарына қысылып қалған. Ұшақ шалқасынан жатты. Адамдар да шалқасынан жатты. Шамамыз келгенше алғашқы көмекті көрсеттік», — деді ол.
Ол оқиға орнынан не көргенін де әңгімелеп берді.
«Аман қалған 2-3 адамның видеосы тарап жүр ғой, сол кісілерді көрдік. Бет-ауыздары қан болды. «Өзіміз көмектесеміз, жедел жәрдемге барыңыздар» дедік. Кейін бір адам келіп менен «біз қай жақтамыз?» деп сұрады. Басында Әзербайжанның ұшағы екенін білген жоқпыз ғой. Жолаушылар қайда қонғанын білмеген шығар. «Қазақстанда, Маңғыстауда» деп жауап бердім», — дейді ол.
Марат Ізмұхан ауыр жағдайдағы адамдарға да көмектескендерін айтты.
«Басты мақсатымыз адамдарды шығару болды. Себебі есінен танып қалғандар да болды», — деді Маңғыстау тұрғыны.
Электроторап компаниясының қызметкерлері соңғы адам шығарылғанына көз жеткізіп, шамамен 1 сағат көлемінде оқиға орнында болып, кейін жұмыстарына қайтқан.
ПІКІР ЖАЗУ