Бокстан жастар арасындағы Қазақстан құрамасының капитаны Төрехан Сабырхан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі.
Жастар арасындағы әлем чемпионатының ең үздік боксшысы атанған Төрехан Сабырхан ересектер арасындағы ел біріншілігінің финалында жекпе-жексіз жеңіске жетті.Қарағандыда өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында боксшы 67 келі салмақта өнер көрсетіп, алғашқы айналымда Айбек Төлегеновті жеңсе, екінші кезеңдегі қарсыласы шаршы алаңға шыққан жоқ. Ал ширек финалда Төрехан Бақтияр Анарбаевтан басым түсіп, жартылай финалда Елнұр Сүйінбайдың мысын басты. Алтын жүлде үшін жекпе-жекте Санатәлі Төлтаевқа қарсы жұдырықтасуы керек еді. Бірақ Төлтаев финалдық жекпе-жекке шықпағанына байланысты Төрехан ел чемпионатының жеңімпазы атанды.
Айта кетейік, Төрехан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының 4 дүркін жеңімпазы. Ол жақында ғана Черногорияның Будвада қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы атанған еді.
ПІКІР ЖАЗУ