«Білім бөлімі ғана емес, әкімдік те кінәлі»: Биіктен құлаған мұғалімнің жары күйеуі өз еркімен бармағанын айтты

Фото: видеодан скрин

Семейде жаңажылдық шыршаны безендіру кезінде зардап шеккен Қуат Айтқалиев есімді мұғалімнің жары оқиғаға пікір білдірді, — деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Шырша безендіру кезінде биіктен құлаған №49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиевтің жары Сымбат Аянқызы да мектеп мұғалімі. Ол оқиғаның қалай болғанын баяндады.

«Оқиғадан бір күн бұрын күйеуіме досы хабарласты. «Таңғы сағат 9-да шырша құруға барасыңдар» деген бұйрық келген. Ертесі күні 9 жарымда сол жерде болған. Безендіру кезінде 4 метр биіктіктен құлаған. Оқиға орнына бірден жеттім. Мен келсем операцияға алып кеткен екен. Жағдайын өте ауыр деп бағалады дәрігерлер. Олардың сөзінше, жолдасымның бас сүйегі сынған» деді мұғалімнің жары.

Сымбат Аянқызы оқыс оқиғадан зардап шеккен жолдасының бұл жағдайына білім бөлімінен бөлек, әкімдік те кінәлі деп санайды. Оның айтуынша, Қуат Айтқалиев құруға барған шырша әкімдіктің шыршасы.

«Бұл педагогтың кәсіби құзыреттілігіне кірмейтін шаруа. Бұған тек білім бөлімі ғана емес, әкімдік те кінәлі. Әкімдік тікелей білім бөліміне бұйрық берген. Бұл — әкімдіктің шыршасы. Оған апарып бейшара мұғалімдерді жұмсайды. Жолдасымның жағдайы қалай болатынын білмеймін. Бірақ бұл өте ауыр жағдай» деді ол.

Әйелінің сөзінше ол шырша құруға өз еркімен бармаған. Оған басшылықтан бұйрық келіп, сол бұйрықты орындауға кеткен дейді.

«Ол шыршаға аяғымен кәдімгідей шыққан. Көбі айтып жатыр ғой, өз еркімен келді деп. Жоқ, ол өз еркімен барған жоқ. Оларға барыңдар деп айтты. Солай ол барды. Сенбі күні жұмысқа шыққаны үшін қосымша ақша төлейді деп ештеңе айтпаған да. Директор айтты деп барды» деп жауап берді мұғалімнің жары Сымбат Аянқызы.