Астанада LRT-мен жүру құны өсу жағына қарай қайта қаралады, деп хабарлады елорда әкімі Жеңіс Қасымбек.
«Бастапқыда жоба жоспарланған кезде тәулігіне шамамен 20 мың жолаушы ағыны күтілген болатын. Қазір біз бұл ағынның әлдеқайда көп болатынын көріп отырмыз. Сондықтан құны қайта есептеледі, мен қазір нақты құнын айтпаймын. Бірақ бұл қоғамдық көлік және біз жол жүру құнын халықтың барлық топтарына төлеуге болатын мөлшерде ұстап тұруға тырысамыз, сондықтан баға орынды және қолайлы болады», — деді Қасымбек ОКҚ брифингінде.
Бұған дейін қаржы-экономикалық негіздемені әзірлеу кезінде LRT бойынша жол жүру құны 200 теңге мөлшерінде белгіленгені хабарланған болатын.
Жеңіс Қасымбек сондай-ақ LRT белсенді түрде салынып жатқанын атап өтті: эстакада бойынша барлық құрылыс жұмыстары аяқталды, барлық станциялар келесі жылдың ортасына қарай салынуы тиіс. Әкімнің айтуынша, техникалық қозғалыс 2025 жылдың күзінде, 2026 жылдың басында толық ашылып, іске қосылады.
ПІКІР ЖАЗУ