Ақтау тұрғындары наразылыққа шықты

Ақтаудың 17-ықшамауданындағы «Айрақты» тұрғын үй кешенінің тұрғындары ыстық және ауыз судың жоқтығына байланысты наразылыққа шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz сайты.

Lada.kz редакциясына 16 желтоқсан күні су жоқтығына байланысты наразылыққа шыққан тұрғындардың бейнежазбасы келіп түскен.

Тұрғындардың айтуынша, күн сайын олардың пәтерлерінде ауыз су өшіріледі, ал жылыту маусымы басталғаннан бері бір күн де ыстық су болмаған. Тұрақты шағымдар мен уәделер мәселені шеше алмаған.

Кешкі сағат 23:15-те тұрғындар өз үйлерінің ауласына жиналған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен коммуналдық қызмет өкілдері келді.

ӘКІМДІК ТҮСІНДІРМЕСІ

Ақтау әкімдігінің мәліметінше, тұрғындармен «КЖСА» ШЖҚ МКК бас инженері С.Жалғасбай, жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары М.Артыков, ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі секторының меңгерушісі Н.Гумаров түсіндірме жұмыстарын жүргізген.

Алайда тұрғындар алған жауаптарына қанағаттанбай, мәселені шешуге назар аударту үшін облыс әкімдігіне баруға мәжбүр болды.

Облыс әкімдігі ғимаратының алдында тұрғындармен Ақтау әкімі Әбілқайыр Байпақов, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев және басқа да сала мамандары кездесті. Әкімдіктің айтуынша, кездесу соңында тұрғындар бейбіт түрде тараған.

МӘСЕЛЕ СЕБЕБІ

«Адал қызмет Ақтау» ЖШС-ның мәліметінше, бұл тұрғын үй кешенінде су тапшылығы мәселесі жаздан бері жалғасып келеді. Басты себеп – күнделікті судың ЦУВС-4-тен қалаға берілуінің үзілуі.

«Каспий тұщыландыру зауыты ауыз суды қалаға жеткізуді бастаған кезде мәселе шешіледі», – деп атап өтті компания өкілдері.