Алматының Барахолка атанып кеткен «Рахат» базарының саудагерлері Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаевадан қысым көргендерін айтып, наразылыққа шықты, деп хабарлайды “ozgeris.info” порталы “Информбюро” жаңалықтарына сілтеме жасап.
Әкім кәсіпкерлер бір айдың ішінде орындарын босатуы керек, өз еріктерімен контейнерлерін алып кетпесе, қоқысқа кетеді дейді. Бұл жерге автотұрақ салынатынын айтқан.
Бірнеше уақыт бұрын саудагерлердің алдына Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева қасына барахолкадағы бірнеше базардың басшыларын ертіп әкеліп, олардың сауда кешендерін жалға алуды ұсынған. Ал осы уақытқа дейін әкімдіктің араласуынсыз-ақ нәпақамызды тауып келдік деген саудагерлер, тыныштық берсін деп ашулы.
“Екі рет келді әйел адам, танымайды екенбіз. Одан кейін 10 шақты ер адам келді. Бір айда мына жерді босатыңдар деді. Біз қайда барамыз? Қайда барамыз десек: “Міне ғимарат бос, кіріңіздер”, дейді. Оған барсақ: “Сатып ал, 20 мың доллар”, дейді”, – деп шағымданды жеке кәсіпкер Жазира Қалымбетова.
“Олар гарантия бермейді, бүгін 25 мыңға беріп, ертең келіп: “Сен сатып алмадың оны 20 мың долларға, кет, шығар, босат”, дейді” – деді жеке кәсіпкер Тимур Руфатов.
Ал Жетісу ауданының әкімі бұл жер дәл қазіргі уақытта мемлекеттің иелігінде, сондықтан кәсіпкерлер қаласа да, қаламаса да орындарын босатулары керек деп отыр. Орнына автотұрақ немесе саябақ салынуы мүмкін екенін де айтты.
“2018 жылы «ТКМ» компаниясы қала әкімдігіне жер телімін жалға алуды ұзарту туралы уақытылы жүгінбеген, сондықтан жер телімі оларға жалға берілмеген, кейіннен олар сотқа шағымданды. Ал сот қанағаттандырудан бас тартқан”, – деді Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева.
Бастапқы өтінішіміз ескерусіз қалды деген базар тарапы жалға алу мерзімін ұзартуға өтінішті мерзімінен бұрын әкімдікке бергенбіз дейді.
“Негізі заң бойынша ол әкімнің қаулысымен ғана ұзартылатын дүние болатын. Қазір бұл жерді біреу алу туралы өтініш берген күнде де ол қанағаттандырылуы мүмкін, тек ТКМ бас тартса ғана”, – деді «ТКМ» ЖШС заңгері Жәмиля Төлегенова.
150-ден астам кәсіпкердің тек тыныштық сұрауы орынды дейді базардың заңгері. Өйткені, төрт жыл бұрын Алматының жер комиссиясы «ТКМ» жауапкершілігі шектеулі серіктесіне қарайтын «Рахат» базарының жерін зираттың жанында орналасқан деп қызыл сызыққа енгізген. Сәйкесінше, бұл жер санитарлық қорғау аймағына жатады деп, жалға беру мерзімін ұзартпай қойған. Бірақ, дәл осы 1 гектар жерді әкімдік көпке созбай Нұр-Сұлтанда тіркелген «Алматы CPS» фирмасына жиһаз фабрикасын салу үшін жалға берген. Жылдарға жалғасқан соттың шешімі биыл қаңтарда цех салуға болмайды деп шығарылған.
Жалға берілмеудің басты себебі санитарлық қорғау аймағы болып қалса, онда жанымыздағы 5-6 базар түгел сүрілуі керек дейді кәсіпкерлер. Ал «Рахат» базарының жерін мемлекет мүддесіне мәжбүрлеп алу туралы ешқандай сот шешімі жоқ, сондықтан әкімнің келіп бір ай уақыт беремін деуі орынсыз екенін айтады.
Саудагерлердің сөзінше, әкімдік өкілдері келген күні-ақ базар жарықсыз қалған. Үш күн электр қуатынсыз отырған саудагерлер, қазір генераторды күніне 60 мың теңге төлеп жалдауға мәжбүр болып отыр.
“ozgeris.info” порталы
ПІКІР ЖАЗУ