Қазақстан Ауғанстанды қалпына келтіруге көмектеседі – министрлік

Фото: pikabu.ru

Қазақстан өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Ауғанстанға жан-жақты қолғабыс көрсету қажеттілігін үнемі ұстанатынын мәлімдеді. Бұл туралы ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Талғат Қалиев Ауғанстанда бейбітшілікке қол жеткізу және қайта қалпына келу үдерістеріне жәрдем көрсетуіне арналған БҰҰ-ға мүше мемлекеттер мен бірқатар халықаралық ұйымдардың донорлық конференциясында айтты, деп хабарлайды “ozgeris.info” порталы.

Сондай-ақ, елші еліміз гуманитарлық және басқа көмек көрсету арқылы Ауғанстанды қалпына келтіру бойынша халықаралық күш-жігерге үлес қосуды жалғастырып отырғанын атап өтті.

Қазақстандық дипломат Қазақстанның Ауғанстан халқына көмек көрсету үшін Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы, БҰҰ-ның гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы және Халықаралық Қызыл Крест комитетінің қорларына ерікті жарналар енгізетінін жариялады.

”ozgeris.info” порталы