Шерзат Болаттың әкесі ұсталды

Фото: qaz365.kz

Қатыгездікпен өлтірілген жасөспірім Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов БАҚ-пен кездесуді талап еткеннен кейін полиция тарапынан ұсталды, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі КазТАГ агенттігіне сілтеп.

«Бүгін сағат 15.30-да Азат ауылында жерлеу рәсімі кезінде қоғамдық тәртіпке және айналасындағылардың, соның ішінде кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін оқиға орын алды. Азамат Н. прокурордың заңдылықты сақтау туралы түсініктемесін елемей, өзін өте агрессивті ұстай бастады, айналасындағыларға қатер төндіріп, өзіне-өзі қол жұмсаймын деп қорқытты, сондай-ақ полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады. Оның мінез-құлқы лайықсыз сипатта болды және өзіне де, айналасындағыларға да қатер төндірді. Азаматтың туыстары мен адвокаттарының өтініші бойынша оның өмірі мен айналасындағылардың өміріне зиян келтіруді болдырмау мақсатында полиция қызметкерлері оны ұстау үшін шаралар қабылдады», — деп хабарлады сейсенбі күні Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицияның айтуынша, «Н. азаматы аз күш қолданып ұсталды».

«Қазіргі уақытта ол полиция бөліміне жеткізілді, онымен психологтар жұмыс істеуде. Полиция жағдайды тұрақтандыру бойынша жұмысты жалғастырып, азаматтарды сабырлы болуға шақырады. Азаматтардан тек ресми дереккөздерге ғана сенуін сұраймыз және жалған мәліметтер тарату қылмыстық жауапкершілікке де әкеп соғады», — деп мәлімдеді полиция қызметкерлері.

Айта кетейік, Қаржаубай Нұрымов — қатыгездікпен өлтірілген жасөспірім Шерзат Болаттың әкесі БАҚ-пен кездесуді талап етті. Қоғам қайраткері Дінмұхамед Қаматайдың айтуынша, жасөспірімнің әкесі ұлының және ағасының өлім жағдайларын адал тексеруге ұмтылады.