«Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Kznews.kz тілшісінің «Өңірдегі ірі тау-кен кәсіпорындары қандай әлеуметтік міндеттемелерді орындап отыр?» деген сауалына жауап ретінде «Барыс» қоры туралы айтты, — деп жазады ozgeris.info.
«Бізде «Барыс» қоғамдық қоры бар. Бұл қорға облыс әкімдігі ірі өнеркәсіптік өндіріс орындарымен жасасқан меморандумға сәйкес ақша аударылады. Қорда қор басқармасының өзінің практикалық кеңесі бар. Аталмыш қоғамдық қор шығындарды қай бағытта, не үшін, алдымен не нәрсеге жұмсау керектігін анықтайды», — деп жауап берді Ермек Көшербаев.
«Барыс» қорының иесі «Азаттық» радиосының тергеуі мен бейресми деректерге сүйенсек, Назарбаевтың екінші әйелі Гүлнар Рақышева болып шықты. Бастапқыда қордың құрылтайшысы Руслан Радмирұлы Рақышев болды. Фамилиясына қарағанда, бұл Гүлнардың ағасы Радмир Рақышевтің ұлы.
Сондай-ақ Гүлнар Рақышева Шығыс Қазақстан облысындағы «Бұқтырма цемент» компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі болған.
Өткен жылы «Азаттық» радиосы Назарбаевтың екінші әйелінің әлеуметтік желідегі парақшасына зерттеу жүргізіп оның қазір Қазақстанда тұратынын және бірнеше кәсіптің иесі екенін анықтаған еді.
Гүлнар Оразқызы Рақышева Алматы қаласы, Төле би көшесі, 40-үй мекенжайында тіркелген «Фирма Шарм» серіктестігінің де иесі. Компанияның директоры ретінде өзі көрсетілген. 1998 жылы құрылған компания жылжымайтын мүлікті жалға беру мен шаштараз қызметтерін көрсету жұмыстарымен айналысады. Statsnet деректер базасына сәйкес, «Фирма Шармның» жылдық айналымы шамамен 100 миллион теңгені құрайды.
Гүлнар Рақышева тағы бір табысты «Sergio Group» компаниясының негізін қалаушылардың бірі. Компанияның жылдық табысы 4-6 миллиард теңгені құрайды. Statsnet мәліметінше, биылғы жылы жылдық қаржы айналымы 12 миллиард теңгеден асқан. Серіктестіктің астаналық филиалының кірісі де қомақты. Енді сұрақ: Назарбаевтың екінші әйелі қандай міндеттемелерді орындайды?
ПІКІР ЖАЗУ