Азия чемпионаты: Санжар жартылай финалда, Сәкен өзбек боксшысына тағы есе жіберді

Коллаж: qaz365.kz

Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында бокстан ерлер және әйелдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында жарыстың жетінші күні Қазақстаннан алғашқы болып Санжар Тәшкенбай шықты, деп хабарлайды ozgeris.info.

Бокстан әлем және Азия чемпионы Санжар Тәшкенбай 48 келіге дейінгі салмақта тәжікстандық Мехрон Шафиевпен жұдырықтасты.

Бірінші раундта Санжар жылдам қимылдап, соққыларын дәл дарыта білді – 5:0.

Екінші кезеңде тәжікстандық боксшы өршелене алға ұмтылды. Бірақ раунд соңында нокдаун алып қалды. Бұл жолы бес төрешінің төртеуі Санжар басым деп тапты. Қорытынды есеп – 5:0.

Бүгін Қазақстан ерлер құрамасынан тағы төрт боксшы жартылай финал жолдамасы үшін айқасады.

Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында бокстан ерлер және әйелдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында Сәкен Бибосынов жартылай финалға өте алмады.

Екі дүркін әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов 51 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Асилбек Жалиловпен айқасты.

Қызу өткен жекпе-жектің бірінші раундында төрешілер шешімі бойынша А.Жалилов алда тұрды – 3:2. Екінші кезеңде де ештеңе өзгере қойған жоқ. Қорытындысында жеңіс өзбек боксшысының еншісінде кетті. Осылайша, Бибосынов қарсыласына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.