Бұрынғы Мәдениет және ақпарат министрі, Сенат депутаты болған Мұхтар Құл-Мұхамедтің қызы – Дидар Құл-Мұхамед шетелдің 3 бірдей TOP- университетінің түлегі. Ол Гарвард, Оксфорд және Кембриджде білім алған алғашқы және әзірге тұңғыш қазақ қызы атанды. Бұл туралы Қазақстан Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмас Шарман жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жуырда Дидар Құл-Мұхамед Кембридж университетінің философия магистрі дәрежесін алған.
«Дидок (ред.- Дидар Құл-Мұхамед ) 12 жыл бұрын Джорджтаун, Гарвард, Колумбия сияқты АҚШ-тың бірнеше университетіне өзінің тамаша эссесін жазып, оқуға тапсырған. Жоғары оқу орындары оның талантына тәнті болып, бәрі өзіне шақырды», — деп жазды ол.
Айтуынша, Мұхтар Құл-Мұхамед Алмас Шарманға телефон соғып, қызын қай университетке түсіргені дұрыс боларын сұрап, кеңес алған.
«Мен ойланбастан Гарвардты ұсындым. Одан кейін Дидар Окфордта оқыды, кейін 125 нобель сыйлығының лауреатын шығарған Кембриджді бітіріп отыр», — деді ол.
Алмас Шарман мен Мұхтар Құл-Мұхамедтің отбасы Дидардың оқу бітіруін мерекелеп, Лондондағы Raffles қонақүйінде орналасқан Kioku by Endo атты жапон мейрамханасына барыпты.
«Дидардың жарқын болашағын ойлай отырып, біз Мұхтар екеуміз оның Қазақстанның болашақтағы мәдени дамуына және өркендеуіне үлес қосуын тіледік», — дейді Алмас Шарман.
Айта кетсек, 64 жастағы Мұхтар Құл-Мұхамед еңбек жолын журналистикадан бастап, Қазақстандағы лауазымды қызметтерді атқарды. Ол көп жылдар бойы Мәдениет және ақпарат министрі болды, ҚР Президентінің кеңесшісі қызметін атқарды. 2019-2023 жылдары Сенат депутаты болған.
ПІКІР ЖАЗУ