Ақша жымқырды деген күдікке ілінген қайырымдылық қорының басшысы Перизат Қайраттың ісіне блогерлердің қатысы бар ма? Бұл сұраққа Қаржы мониторингі агенттігі жауап берді, — деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі Massaget.kz — ке сілтеме жасап.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде су тасқыны кезінде жиналған қаражатты жымқыру ісіне миллиондаған оқырманы бар блогерлердің де қатысы бар болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Өйткені блогерлер, танымал адамдар видеолар түсіріп, қазақстандықтарды Перизат Қайрат бастаған қорға өз үлесін қосуға шақырған еді.
ҚМА-ның ресми жауабында еріктілер қозғалысының белсендісі Перизат Қайратқа қатысты іс бойынша соталды тергеу жалғасып жатқаны айтылды.
«Қаржы мониторингі органдарының өндірісінде блогерлер немесе су тасқыны кезінде қаражат жинаған басқа ұйымдастырушыларға қатысты соталды тергеулер жоқ», — деп нақтылады агенттік.
Айта кетейік, Перизат Қайрат — Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.
ПІКІР ЖАЗУ