Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының кеңейтілген отырысында Қазақстан төрағалығымен өткен жылдың негізгі қорытындысын мәлім етті. Сондай-ақ жиын қорытындысы белгілі болды, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі.
«Жыл бойы Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдардың жауынгерлік даярлығына ерекше назар аударылды. Бүгін біз екі халықаралық келісімдердің екі хаттамасына қол қоямыз. Бірі – ҰҚШҰ күштері мен құралдарының мәртебесі туралы, екіншісі Әскери контингенттерді тасымалдау мәселелерін қамтиды», — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ елдері бітімгершілік контингенттерінің дағдылары мен дайындық деңгейін арттыру жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.
«Қазақстанның бастамасы бойынша биыл алғаш рет қару-жарақтың, оқ-дәрілердің заңсыз айналымына және ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша консультациялар өткізілді. ҰҚШҰ шеңберінде бейінді жұмыс тобын құру мәселесі пысықталуда.
Мүмкіндікті пайдалана отырып, ҰҚШҰ-ның Бас хатшысына, тұрақты кеңесіне және жұмыс органдарына үлкен пайдалы жұмыс істегені үшін алғыс айтқым келеді. Бірлескен күш – жігермен біз алға қойған жоғары мақсаттарға қол жеткізетінімізге сенімдімін», — деді Мемлекет басшысы.
Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясын қабылдап, бірқатар құжатқа қол қойды.
Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі ҰҚШҰ-ның мақсатты мемлекетаралық бағдарламасы бекітілді.
Сонымен қатар президенттер Ұлы Жеңістің 80 жылдығына байланысты мәлімдеме қабылдап, келесі жылы осы айтулы датаға орай ұйымдастырылатын мерекелік іс-шаралардың жоспарын бекітті.
Астанада қабылданған құжаттар Ұйым мен ұжымдық қауіпсіздік жүйесін барлық мүше мемлекеттердің мүддесіне сай кешенді түрде дамытуға бағытталған.
ПІКІР ЖАЗУ