Владимир Путиннің Астанаға мемлекеттік сапары кезінде «Ваше Превосходительство» деп жазылған баннер әлеуметтік желілерде қызу талқыланды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бұл жазбаға қала тұрғындары мен желі қолданушылары түрлі пікір білдірді. Көпшілік мұндай формулировканы артық қошемет деп қабылдап, оның қаншалықты орынды екенін сұрады. Алайда, бұл жоғары деңгейдегі ресми сапарларға арналған халықаралық протоколға сәйкес келеді. Қазақ тілінде мұндай ресми фраза «Жоғары мәртебелі» деп аударылады және ол бұрыннан қолданылып келеді.
Протокол ережелері бойынша мұндай мәртебелі сөздер тек Владимир Путинге емес, Қазақстанға келген басқа елдердің басшыларына да айтылған. Мысалы, Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың ресми сапарында «Ұлуу» (қырғыз тілінен аударғанда «Ұлы» немесе «Ғұлама») сөзі қолданылды. Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеевтің сапарында да осындай формулировка болған.
Бұл тәжірибе тек Қазақстанда ғана емес, басқа мемлекеттерде де жиі кездеседі. Беларусь президенті Александр Лукашенко Ресейге сапары кезінде ресейлік делегацияның мүшесі оны «Ваше превосходительство» деп қарсы алған. Лукашенко бұған таңданып, «Қайдағы жоғары мәртебе? Мұндайды қайдан көрдің?» деп әзілдегенімен, мұндай ресми фраза халықаралық этикетке сай келеді.
Мұндай дипломатиялық терминология жоғары деңгейдегі саяси қарым-қатынастарды көрсету және құрмет белгісі ретінде қолданылатыны белгілі. Сондықтан бұл протоколдық қалыптастырылған ресми дәстүр екенін ескерген жөн.
ПІКІР ЖАЗУ