Қазақстанда ең бай зейнеткер қанша зейнетақы алады

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) Қазақстандағы ең бай зейнеткер ай сайын қанша алатыны жөнінде ақпарат таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Зейнет жасына толуына байланысты БЖЗҚ-дан берілетін орташа айлық төлем — 33 865 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғарғы сомасы — 945 752 теңге болды, – делінген БЖЗҚ сайтында.

Ресми мәліметке сүйенсек, 2024 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша отандастарымыздың зейнетақы активтері 21,6 трлн теңге болған. 10 ай ішінде 3,7 трлн теңгеден аса мөлшерге (20,8% жетті) өсті. Зейнетақы активтерінің жылдық өсімі – шамамен 4,4 трлн теңге (немесе 25,3%).

Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының көлемі 2024 жылдың 1 қарашасында 20,7 трлн теңгеден асты (бір жылдағы өсім – 24,5%, жыл басынан бері — 19,9%). Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтары – шамамен 633,8 млрд теңге, бір жылдағы өсім – 15,3% ағымдағы жылдың басынан бергі өсім – 11,5%. Ең үлкен өсімді (бір жылға – 47,3%, жыл басынан бері — 39,2%) ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті, оның көлемі – 7,3 млрд теңгеден асады.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына қосымша қаражат – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) түсуде. 2024 жылдың 10 айында ЖМЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы 194,9 млрд теңгеден асқан.