Семейде мектеп мұғалімі оқушы зорлады деген күдікке ілінді

Фото: depositphotos.com

Семейде мектеп мұғалімі сегізінші сынып оқушысын зорлады деген күдікке ілінді, — деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі.

Бұл туралы «31» арнада айтылды. Алғашқы әскери дайындық пәнінің ұстазы қамауға алынып, тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы әзірге белгісіз.

Білім бөлімінің мәліметінше, 32 жастағы педагог білім ошағында екі жылдан бері жұмыс істеген. Әріптестері мұғалімнің тек жақсы қырынан көрінгенін айтады. Тіпті, сабақтан тыс уақытта балалармен жиі түрлі шаралар өткізетін деп отыр. Оқушыларды қалалық жарыстарға қатыстырып, жүлделі орындарға ие болғанын да атап өтті.

Жәбірленуші қыз сегізінші сыныпта оқиды. Мамандардың айтуынша, ол қазір сабаққа келіп жүр.

«Мұғалім 2016 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін бітірген. Бұл жағдай бойынша қазір құзырлы органдар тиісті зерттеп, тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Енді сол жұмыстардың нәтижесі ойынша қосымша ақпарат беріледі. Қазір мұғалім ол уақытша ұстау изоляторында орналастырылған», — дейді Семей қаласы білім бөлімінің басшысы Біржан Бұлабаев.