Күміс көмей әнші Қайрат Қабышев 100 әнді тоқтаусыз орындап, жаңа рекорд орнатпақ. Бұл туралы ozgeris.info тілшісі 24kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменовтің шәкірті жылдар бойы таңды таңға асырып, қазақ әндерін тоқтамай шырқап жаттыққан. Қазір мәдениет саласының үздігі дәстүрлі ән өнерінің 5 мектебіне енетін шығармаларды түгел жатқа біледі.
Әнші енді Гиннесс рекордтар кітабына ену үшін ұйымның өкілдігіне өтініш жолдамақ. Ұлттық мұраның тізгінін ұстаған талант иесінің басты мақсаты – төл мәдениетіміздің ерекшелігін әлемге насихаттау.
«Ата-бабамыз, ол кезде Гиннесс рекорды жоқ қой, таңды атырып, тойдың басында отырып ән айтқан, жыр айтқан ғой. Сондықтан мен ештеңе ойдан шығарған жоқпын. Мақтанатын ештеңем жоқ. Мен қазақтың кезінде ұмытылып қалған дәстүрін жаңғыртамын», – деді Қайрат Қабышев.
Оның айтуынша, 100 әнді орындауға кем дегенде жеті сағат уақыт кетеді, арасында әңгіме-дүкен құрар болса, он сағатқа дейін баруы мүмкін. Жалпы Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері 106 рекорд орнатып, Гиннесс рекордтар кітабына енген.
ПІКІР ЖАЗУ