«Күндіз жұмыс, кешке онлайн оқу»: Бір топ мұғалім «Мақсатты мектеп» жобасын сынап, шу шығарды

Фото: Pixabay.com

«Мақсатты мектеп» жобасы аясында шу шықты. Бір топ мұғалім аталмыш жобаның заңсыз екенін айтып, петиция жариялады, — деп хабарлайды Ozgeris.infо тілшісі.

Петиция epetition.kz сайтында жарияланды. Ұстаздар қауымы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Олжас Бектеновке, Ерлан Қошановқа, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа сонымен қатар депутаттарға ашық хат жолдады.

Жазуларынша «Мақсатты мектеп» жобасы мұғалімдердің мұңына айналған.

«Мақсатты мектеп» жобасының жұмысы материалдық-техникалық жарақтандырудан емес, мұғалімдерді онлайн оқытудан басталды. Мұғалімдер тамыз айынан бері 5 модульдік онлайн оқудан өтті. Әр модуль сайын көптеген онлайн тестер тапсырды. Тест сұрақтарының басым бөлігі психологиялық, методикалық сұрақтардан тұрады. Пәнге арналған сұрақтардың өзі де қатеге толы. Мұғалімдер бала оқыта ма, онлайн оқып, күн сайын тест тапсыра ма? Мұғалімдердің отбасына қарауға уақыты жоқ. Күндіз жұмыста, кеште онлайн оқуда. Бұл жоба жыл бойы жалғасады екен. Бұл мұғалімдердің денсаулығына да, жеке өміріне де кері әсерін тигізіп жатыр. Ұлттық тестілеу орталығына, Назарбаев зияткерлік мектептеріне барып та тест тапсырамыз. Бұл тесті тапсыру уақыты мұғалімдердің демалыс күндеріне сәйкес келеді. Бастауыш сынып мұғалімдері 12-13 қазан 2024 жылға, қоғамдық –гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттарының пән мұғалімдері 26-27 қазан 2024 жылға белгіленген. Қазақстан Республикасының заңдарына сәкес , оның ішінде еңбек кодексіне сәйкес сенбі-жексенбі демалыс күндер болып белгіленген. Егер ол күндері жұмысқа шақыратын болса, жұмыс беруші жалақы төлеуге міндетті. Төтенше жағдай болмаса, демалыс күндерінде жұмыскерді өз жазбаша өтініші арқылы ғана жұмысқа шақыра алады. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Гани Бейсембаев мырза 943 мектептің мұғалімдерін демалыс күнге тест тапсыруға бұйрық шығарып отыр», — делінген петиция мәтінінде.

Бұдан бөлек, ұстаздар мұндай пайдасыз жобалардың орнына 2017 жылдан бері жаңартылмаған оқулықтарда жаңартып, сапасыз жасалған оқу бағдарламасын дұрыстауды сұрады.

«Мақсатты мектеп» туралы «Педагог мәртебесі» заңында да, «Білім туралы» заңда да көрсетілмеген. «Әділет.кз» сайтында да ешқандай ол туралы бұйрық немесе заң жоқ. Бұл жоба заңмен бекітілмеген жоба. Заңды құжаты жоқ жоба қалай мектеп аралап кетті? Біз әр ісімізді заңмен реттеуге тиіспіз. Бар болғаны Ы. Алтынсарин академиясының нұсқаулығы бар. Нұсқаулық заң емес, бұйрық емес. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурызындағы 249 қаулысының 3 -бөлімінде «Педагогтердің кәсібилігін дамыту» деген тарауында педагогтердің біліктілікті арттыру курстары туралы жазылған. Осы тарауда үш жылда бір рет педагогтердің біліктілігін арттыру жөнінде мемлекет басшысының тапсырмасы бар екен. » Педагог мәртебесі» заңы бойынша да мұғалім 3 жылда бір рет біліктілігін арттыратын курсқа баруы керек. Ондай курстардан барлық мұғалімдер уақытымен өтіп жүр. 5 жылда бір рет аттестациядан өтуіміз керек. Барлық мұғалімдер тест тапсырып, аттестациядан да өтіп қойдық . Аттестациядан өтіп, тест тапсырған мұғалімдерді қайта даярлау не үшін, кім үшін қажет? 2017 жылдан бері оқулықтар жаңартылмады, бағдарлама өзгермеді. Оқу-ағарту министрі Гани Бейсембаев мырза білім сапасын арттырғысы келсе, сапасыз жасалған оқу бағдарламасын өзгертсін! Мектептердегі материалдық база өте төмен деңгейде. Заманға сай жабдықтап берсін! Сонда білім сапасы өздігінен артады», — деп жазылған epetition.kz сайтында.