Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды ozgeris.info.
Агенттіктің мәліметінше, комитет төрағасымен қоса министрліктің басқа да лауазымды тұлғалары сотталған.
Ақмола гарнизоны әскери сотының үкімімен Төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Н. Дербисов пен Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы М. Жақсыбаев 5 жылға, Жетісу облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Б. Ізбасаров 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ Б. Ізбасаров 1,7 млн теңге сомасында өзіне қосымша ақшаны заңсыз есептеп, билікті асыра пайдаланғаны үшін сотталды, – делінген хабарламада.
Агенттіктің мәліметінше, оларға бизнес өкілінен кәсіпкерлік қызметіне қамқорлық жасағаны үшін жалпы сомасы 39,7 млн теңге сомасында пара алды деген айып тағылған.
Сондай-ақ аталған шенділер мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
ПІКІР ЖАЗУ