«Жануарды қорлау ғой»: Тойханаға түйесін сыйғыза алмаған адамның әрекеті талқыға түсті (ВИДЕО)

Фото: видеодан скрин

Журналист Гүлмира Әбіқай Instagram парақшасында түйесін тойхана есігінен кіргізе алмай тұрған адамның видеосын жариялады, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Видеода тойхана есігінен әрең өткен түйенің сатыдан төмен қарай ақырындап түсіп бара жатқанын көруге болады.

«Тойды несиеге шашылып жасап, тойға бару үшін де қарыздану дұрыс емес, меніңше. Ал мынадай дарақылықты мүлдем қою керек! Не болды ал? Тойхана есігінен өркеші сыймай атан түйе кері қайтты.

Тойхана есігіне кептеліп, кіре алмай, кері қайтқан атан түйенің видеосын көріп ішім ашып отыр.

Тойға малсыз-ақ өзіміз кіре берейікші, а? Онсыз да тойда мал болатындар көп қой», — деп жазады журналист Гүлмира Әбіқай.

Бұл видеоға қатысты желі қолданушылары түрлі пікір білдірді.

«Тілі болса түйе де бізді боқтар еді-ау», «Қазақ қашан дарақылықты қояды екен», «Малды қорлау ғой. Түйеге обал болды-ау», «Сол той өткізу үшін млн-дап кредит алады, ақымақтық нағыз. Ақшасы болмаса кішігірім етіп жасауға болады, азырақ адамға, жыртылып 200-300 адамға шақырады бергенін жинап алу үшін», — деп желі қолданушылары той иесінің әрекетін сынға алды.