«Барлық жағдай жасалған». Елдос Сметов Қобда ауылының жастарымен кездесті

qazaq.today

Ұлттық мереке Республика күні қарсаңында дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов және оның бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев Ақтөбе облысының Қобда ауылына болды, деп хабарлайды ozgeris.info.

Батырлар мекені атанған Қобдада  спортшы жастармен, жасөспірімдермен кездесті. Мұндағы мақсат — жастардың спортқа деген қызығушылығын ояту, оларға жігер беру.

Сметов бірінен соң бірі кезекке тұрған болашақ спортшылардың сұрақтарына жауап берді. Елдос Сметов елімізде бұқаралық спорттың дамуына ден қойылып жатқанын атап өтті.

«Алдымен, баршаңызды ұлттық мерекеміз Республика күнімен құттықтаймын. Егемендіктің арқасында еліміз көркейіп келеді. Олимпиададан кейін алғаш болып Ақтөбе облысына келіп қалдым. Сіздердей спортқа ұмтылған жастарды, жасөспірімдерді көргеніме өте қуаныштымын. Мына  спорт кешені керемет екен. Барлық жағдай жасалған.  Менің айтарым, мақсатқа жету жолында еңбек, табандылық өте маңызды. Осы қағиданы естен шығармай, еліміздің Туын әлемдік ареналарда желбіретулеріңізге тілектеспін», — деді ол.

Өз сөзінде Қобда ауданының әкімі әкімі Ізгілік Тынымгереев батырлар мекеніне келіп, қобдалық жастармен жүздесіп, құнды пікірлерін білдірген даңқты спортшы мен оның бапкеріне ризашылығын білдірді.

«Республика күні қарсаңында өтіп жатқан бүгінгі кездесуді тарихи сәт деп есептеймін. Бүгінгі шара біздің жас өрендеріміздің көздеріндегі отты жағып, рухын көтерді деп есептеймін», — деп аудан басшысы Ізгілік Тынымгереев жас қобдалықтарға сенім білдірді.

Кездесуден соң,  Елдос Сметов пен Ғалымжан Жылгелдиев көктемгі су тасқыныннан зардап шеккен отбасылардың үйлеріне барды. «Құтты қонақ келді» деп қарсы алған тұрғындардың қуанышында шек болмады. Спортпен айналысатын отбасы балаларына чемпион сый-сияпатын табыстады.

«Мемлекет басшысының қолдауымен әдемі үйлер бой көтерген. Тұтас, жаңа ауыл пайда болған. «Қиындықта далада қалдырмады» деп тұрғындар рахметін айтып жатыр. Мен өте қуаныштымын», — деді Е.Сметов.

Айтып өтейік, Президенттің биылғы көктемгі су тасқынының салдарын жою, зардап шеккендерді баспанамен қамту туралы тапсырмасы аясында Қобда ауданының Қобда және Жарық ауылдарында 147 үй салынды.

Ақпарат qazaq.today сайтынан алынған.