«Баланы жоғалтамыз» — Бишімбаевтың адвокаты Тұрлыхановтың ұлын бас бостандығынан айырмауды сұрады

Фото: ғаламтордан

Алматының Медеу аудандық №2 сотында Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың ісі қаралды. Аталмыш істі сотта Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша елге танылған адвокат Назкен Құсайынова қорғап жатыр, — деп жазады Ozgeris.info.

Сот отырысында Назкен Құсайынова Нұрасыл Болатқа қатысты сот процесін БАҚ өкілдерінсіз, жабық есік жағдайында өткізуді сұрады.

«Пробациялық бақылауды ешқашан бастан өткермеген жас жігіттің психикасын бұл қатты қысып жіберді. Білезікті үнемі өшіру, инспекторлармен үнемі байланыста болу — менің қорғауымдағы адамға бес ай бойы Медеу ауданының пробация қызметі тарапынан үлкен қысым жасалды. Бұл Болат Нұрасыл үшін адам төзгісіз қысым болды. Түрме оны түзетпейді деп ойлаймын, біз жап-жақсы адамды, небәрі 21 жастағы баланы жоғалтып аламыз», — деді адвокат Назкен Құсайынова.

Ол соттан Болат Нұрасылды бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сотталушының өзі сотта өкінетінін айтты.

Бұған дейін сот барысында Медеу аудандық пробация қызметінің өкілі 21 жастағы Нұрасыл Болаттың пробациялық бақылауды бірнеше рет бұзғанын айтты.

Еске салайық, 2023 жылғы 11 ақпанда әскери қызметкер Нұрасыл Болат Алматыдағы түнгі клубтың жанында ерлі-зайыпты Анна мен Олег Черновтарды ұрып-соққан болатын.

Жақында мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың шартты мерзімде жүрген ұлы кезекті рет пробациялық бақылау тәртібін бұзғаны белгілі болды. Әлеуметтік желіде оның тойда жүргені түсірілген видео тарады. Оқиға 11 қазанда Алматыда болған.

Айта кетейік, бостандығын шектеу тәртібіне сай депутаттың баласына мұндай іс-шараларға баруға шектеу қойылған болатын.