«Қызылордада секс-құлдықта болған оқушы оқиғасы»: күдіктілердің бесеуі кәмелетке толмағандар

Фото: ғаламтордан

ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі қызылордалық оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеуге қатысты атышулы істі тергеу қалай жүріп жатқанын айтты. Ведомствоның хабарлауынша, күдікті деп танылған 11 адамның бесеуі кәмелет жасына толмаған, деп жазады Ozgeris.info.

Қызылорда облысының полиция департаменті кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тарту фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуде.

Бұған қосымша кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тарту; жезөкшелікпен айналысу үшін притондарды ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық; бопсалау; есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын қолдануға көндіру; азаптау; кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау бойынша қосымша істер қаралуда.

«Қылмыстық істердің 9 қатысушысы қамауда отыр, ал екеуіне „үйқамаққа алу“ бұлтартпау шарасы таңдалды, оның ішінде кәмелетке толмағандар саны — 5. Сонымен қатар, істің мән-жайы бойынша жәбірленушіден жауап алынды. Сот тыңдауы және ашық сот талқылауы мәселесі соттың құзыретінде», — деп жазылған министрлік жауабында.

Еске салсақ, биыл тамыз айында Қызылорда қаласында мектеп оқушылары сыныптасын секс-құлдықта ұстады деген күдікке ілінді.

Бір топ жасөспірім 16 жасар қызды қинап ұстағаны, есірткі беріп, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегені туралы ақпарат тарады. Оқушы қыздың ата-анасы бұл жағдайды қоғамдық қорға хабарлаған.

Қызылорда полициясы аталған дерек бойынша күдіктілерді ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Кейін күдікке ілінген мектеп оқушылары үйқамаққа ауыстырылды.