Мәжіліс депутаты Нартай Аралбай Талғардағы қаскөйлердің қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзаттың үйінің өртенгеніне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.Info.
Депутат қара жамылған шаңыраққа қастандық жасағандарды «заңды елемегендер» деп айыптады.
«Қылмыстың үстінен қылмыс жасау, Заңды елемеудің, тәртіпті таптаудың айқын көрінісі! Таң атқалы Талғардан ақпарат толассыз келуде. Ұлынан айрылып қан жұтып отырған отбасының қара шаңырағын өртеп жіберу қасиетсіз қаскөйлердің әрекеті.
Бұл Заң мен тәртіпті елемеудің, жұрттың талабын табанға таптаудың айқын көрінісі. 16 жасар Шерзат бауырымыздың денесі жер қойнына тапсырылғанына апта ғана толды, ал қаскөйлер оның отбасын ойрандауды доғарар емес» , – деп жазды депутат.
Оның сөзінше, көпшілік көзге шұқып көрсеткендей Шерзаттың өліміне кінәлілер тұтас бір ұйымдасқан қылмыстық топ іспетті.
«Депутаттық сауалымда атап айтқанымдай: 1. Алматы облысы Талғар ауданында 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуін; 2. Аталған іс бойынша барлық құқық қорғау органдары тізе қосып, оқиғаның заңды құқықтық бағасын тез арада беруін ТАЛАП ЕТЕМІН. Және қасірет шегіп отырған Шерзат бауырымның қара шаңырағын өртегендер дереу табылып қамалуы тиіс! Біздің қоғамның қауіпсіз екеніне ел сенсін десе құзырлы орган өкілдері қылмыскерлерді дереу құрықтауы керек. Олардың соты ашық, онлайн өтуі тиіс!» – деп жазды ол.
ПІКІР ЖАЗУ