Атырауда 3 млрд теңге салынған жаңа мектептің жертөлесі екі жыл болмай суға толған

Атырауда құны 3 млрд теңге тұратын жап-жаңа мектептің жертөлесі екі жыл болмай суға толған. Мектеп қызметкерлері күн сайын насоспен сорғанымен, таусылар түрі жоқ. Жауаптылар көктемдегі мол су салдарынан жерасты суы көтерілген деп, табиғи факторға сілтеп отыр, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі Астана арнасына сілтеме жасап.



Балауса ықшам ауданындағы білім ордасының екі блогының жертөлесі суға толғанын мектеп қызметкерлері биыл сәуір айында байқаған. Бірден білім бөлімі мен мердігер мекемеге хабарлапты. Тіпті ықшам аудан халқымен кездесуге келген қала әкіміне де жағдайды баяндаған. Бірақ қол ұшын созған ешкім жоқ дейді. Содан бері жерасты суымен өздері күресіп келеді. Сорған сайын орны толып тұрғанын айтады.

Мектептің пайдалануға берілгеніне екі жыл да болған жоқ. Кепіл мерзімі желтоқсанда аяқталады. Құрылысты алғаш қолға алған алматылық мекеменің жауапсыздыздығынан келісімшарт үзілген. Жергілікті компания «600 орындық білім ордасын жоба бойынша жалғастырдық, салып жатқанда да, пайдалануға берілгенде де жерасты суы көрінбеді» дейді.

«Біз келгенде іргетасы, жер асты қабаты құйылып тұрды. Басқа мердігер жасаған. Тапсырыс беруші өзі беріп тұр ғой. Міне, геологиясы жасалды деп тексерілген. Сол қағазға сүйеніп жұмысты жалғастрдық. Болды. Сорып, тазалап беріп қана көмектесе аламыз», — деді мердігер мекеме басшысы Жаңабай Жұбанов.

Тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасындағы жауапты мамандар «мектептің мұндай жағдайын бұған дейін білмедік» деп отыр.

 «Барлық мектепке алдын ала геология жасалады. Нысан жобаға сәйкес жүргізілді. Ешқандай жобадан ауытқушылық болған жоқ. 2022 жылы нысанды қабылдап алған кезде жер асты суы пайда болған жоқ. Өтірік айтпаймын, кеше ғана естідік. Жертөледегі суды сорғызып аламыз. Содан кейін техникалық бақылау жүргізетін боламыз», — деді облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Дархан Тілепберген.

Су толған жертөленің жоғары қабатындағы қабырғалардың сылағы түсіп, едендегі кафель қозғала бастаған. Мердігер компания басшысы кепіл мерзімі аяқталса да, суды сорып, соның салдарынан болған кемшіліктерді жоюға уәде етті.