Абай облысының жинақталған қарыз сомасы белгілі болды

Фото: new.zhalagash-zharshysy.kz

Абай облысының қарызы 69 миллиардтан асқан, — деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі Жоғары аудиторлық палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Абай облысында 2022-2023 жылдары жинақталған борыш көлемі 69 млрд теңгеден асып түсті. Оның ішінде биыл 30 сәуірдегі жағдай бойынша 16 млрд теңгеден астамы өтелген. Кредиттеу бағыттарының құрылымында құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларындағы бағдарламалардың үлесі басым.

Өңірде жүргізілген аудит 12 объект пен 20,7 млрд теңгеден астам соманы қамтыды. Атап айтқанда, аудит барысында өңірдің 6 квазимемлекеттік сектор субъектісі 224 млн теңгеден астам сомаға қарыздардың сыйақы сомасын және негізгі борышын уақтылы өтеу бойынша міндеттемелерді орындамағаны анықталды. Тағы 3 аудит объектісі бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікті жүргізу кезінде 711 млн теңгеден астам сомаға бухгалтерлік заңнаманы бұзуға жол берген.

Өңірлік деңгейде борышты басқару процесін Абай облысының қаржы басқармасы бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірлесіп жүзеге асырады. Алайда мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың құрылған алгоритмі өңірдің қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету үшін сапалы және уақтылы шешім қабылдауға мүмкіндік бермейтінін тексеру нәтижелері көрсетіп отыр.

АҚПАРАТ MASSAGET.KZ САЙТЫНАН АЛЫНҒАН