Денсаулық сақтау министрлігі қоғамның наразылығын тудырған «енді жедел жәрдем науқастарға тәулік бойы бара бермейді» деген ақпаратқа ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
ДСМ ресми өкілі Әйгерім Оразалиеваның айтуынша, кеше бірқатар БАҚ жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасының мазмұнын қате түсіндірген.
«Осыған байланысты біз түсіндіреміз: бұрынғыдай барлық пациент 103 нөміріне қоңырау шалу арқылы шақырту санатына қарамастан толық көлемде медициналық көмек алады. Сонымен қатар, жеделдікті жақсарту үшін жұмыс уақытында шұғылдықтың IV санатындағы шақыртуларға қызмет көрсетуге медициналық-санитариялық алғашқы көмектің мобилдік бригадалары тартылады. Кешкі және түнгі уақытта, сондай-ақ демалыс күндері барлық санаттағы шақыртуға жедел көмек бригадалары қызмет көрсетеді», — деп мәлімдеді ол.
Осылайша, азаматтар үшін ештеңе өзгермейді. Бірде-бір шақырту назардан тыс қалмайды және пациенттерге қызмет көрсетудің жеделдігі мен сапасы одан әрі жақсара түседі, деп сендірді ведомство.
Айта кетері, жеделдіктің 4-санаты дегеніміз – пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және ықтимал қатер болмаған кезде, жіті аурудан немесе созылмалы аурудың қозуынан туындаған жағдай.
Фото: istockphoto.com
ПІКІР ЖАЗУ