«ҰҚК қызметкері» зейнеткерге қол көтерді»: Алматы ПД мәлімдеме жасады

Алматыда жол-көлік оқиғасы жанжалға ұласты. Кикілжің кезінде жас жігіттердің бірі мүмкіндігі шектеулі зейнеткерге қол көтерген. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады.

Бейнежазбада жанжалға қатысқан жігіттердің бірі өзін ҰҚК қызметкері ретінде таныстырғаны айтылған.

Алматы қаласының Полиция департаменті кикілжіңге қатысқан азаматтардың іс-әрекетіне құқықтық баға берілетінін хабарлады.

— Бостандық аудандық полиция басқармасы жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Видеодағы ер адамның кім екені анықталды. Оның құқық қорғау органдарына ешқандай қатысы жоқ. Күдіктінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті шаралар қолданылатын болады, — деп хабарлады қалалық ПД баспасөз қызметі.