Абылай Мырзахметовтің ісі: мемлекетке тағы 7 млрд теңге қайтарылды

Абылай Мырзахметов
Фото: primeminister.kz

Антикор «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы Мырзахметовтің ісі бойынша мемлекетке қосымша 7 млрд теңге қайтарды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында заңсыз сатып алынған активтерді қайтару бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіп жатыр.

Қазіргі уақытта «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы А.И. Мырзахметовке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша мемлекет кірісіне 7 млрд теңге сомасында заңсыз алынған ақшалай қаражат аударылды.

Құзырлы орган өкілдері әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге және мемлекетке қайтарылған активтерді елді дамыту мақсатында пайдалануға бағытталған бұл жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

Жыл басынан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аяқталған қылмыстық істер шеңберінде шамамен 195 млрд теңгені өтеді.

«Соңғы 2,5 жылда, оның ішінде олигополиялар тарапынан Қазақстан халқына 1,09 трлн теңге қайтарылды. Осы бағыт бойынша жұмыс жалғасуда және генттіктің ерекше бақылауында», — делінген хабарламада.