Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы сотталды, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сілтеме жасай отырып.
Қызылорда қалалық соты облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Дінмұхамед Әбсаттаровқа қатысты үкімді жария етті.
«Ол бизнес өкілдеріне ұлының оқуына 1,4 млн теңге сомасында ақы төлеу және құны 6,8 млн теңге болатын дизель отынын беру қажеттігі туралы заңсыз нұсқаулар беру арқылы лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды», — деп хабарлады Антикорда.
Бұдан басқа, шенеунік өңір кәсіпорындарының сұйытылған газдың тиісті көлемін алу құқығын шектеу арқылы заңды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға кедергі келтіргені үшін сотталды, бұл бизнес субъектілеріне 26,9 млн теңге сомасында зиян келтірді.
Сот үкімімен Әбсаттаровқа мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойы айыра отырып, 9 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, сондай-ақ мемлекеттік награда — «Ерен еңбегі үшін» медалінен айыру туралы ұсыныс енгізілді.
Үкім заңды күшіне енді.
ПІКІР ЖАЗУ