Алматыда шатырдан құлап, қаза тапқан оқушы атақты эколог пен суретшінің қызы болып шықты

Фото: Балқия Мұхамеджанованың парақшасынан алынды

Алматыда екі оқушы қыз биік үйден құлап қаза тапқан еді. Марқұм балалардың біреуі эколог Евгений Мұхамеджанов пен суретші Балқия Мұхамеджанованың қызы, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Бұл туралы Балқия Мұхамеджанова әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.

«Біздің жақсы көретін қызымыз, біздің кішкентай періштеміз қаза тапты. Сенбеймін, мүмкін емес, сене алар емеспін», — деп жазды Балқия Мұхамеджанова.

Сондай-ақ әлеуметтік желіде Алматы қаласында бүгін секіріп өлген бұл екі оқушы ғана емес деген ақпарат тарап жатыр. Полиция департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«Әлеуметтік желіде бүгін Алматыда бір мезетте бірнеше бала өз-өзіне қол жұмсады деген ақпарат тарап жатыр. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұрын хабарланғандай, екі қыздың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр», — деп хабарлады Алматы полициясы.